ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданында ауызсу құбырлары жаңартылып жатыр

0
605

Резервуар аумағын абаттандыру, тас төсеу жұмыстары да атқарылуда.


ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданында ауызсу құбырлары жаңартылып жатыр

ТҮРКІСТАН: Төлеби ауданында ауызсу мәселесі оң шешімін тауып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданында ауызсу мәселесін шешу бағытында кешенді жоспарлар құрылып, 50-60 жыл тұтынудан тозығы жеткен ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.


Бүгінде аудандағы Бірінші Мамыр ауылдық округі, Бейнеткеш елдімекеніне 23 шақырым ауызсу құбыры тартылып, 133 құдық орнатылып, сыйымдылығы 300 метр кубты құрайтын су қоймасы салынды. Мердігер - «Строй Жол Сервис» ЖШС мекемесі. Елдімекенді таза ауызсу құбырына қосу жұмысы осы жылдың шілде айына жоспарланған. Сондай-ақ, резервуар аумағын абаттандыру, тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Сондай-ақ, Зертас елдімекеніндегі су құбырының құрылысын жүргізуші мердігер «Ақмешіт Мелиоратор» ЖШС-і тарапынан 52 шақырым су құбыры тартылып, 351 құдық қойылып, сыйымдылығы 1200 куб метрді құрайтын су қоймасы салынды. Құрылыс жұмыстары биылғы шілде айына дейін жалғасып, нәтижесінде 5970 тұрғын, 986 абонент ауызсумен қамтылмақ.


Бұдан бөлек, Керегетас елдімекеніне 27 шақырым су құбыры жүргізіліп, сыйымдылығы 300 куб метрді құрайтын су қоймасы орнатылды. Су қоймасының маңайын абаттандыру ісі аяқталғаннан кейін 158 абонент ауызсуға қосылады. Сонымен қатар, Нысанбек елдімекенінде де ауызсу құрылысы аяқталуға жақын. 22 шақырымды құрайтын су құбыры тартылып, 300 куб метрді құрайтын резервуар орнатылды. Қазіргі кезде жобаға ілінбей қалған 10 үйге ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқтау бойынша мердігер мекемемен келіссөз жүргізіліп, шілде айында 170 абонент таза сумен қамтылады деп көзделіп отыр.


Сондай-ақ, Ленгір қаласын сапалы ауызсумен қамту бағытында Көктерек су тазалау имаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде 2200 куб метр резервуар, су тазарту құрылғысы орнатылды. Химиялық тазалаудан шыққан кәріздік суын төгетін көлемі 100 куб метрді құрайтын септик құйылып, имарат маңы қоршалып, көгалдандыру, жарықтандыру жұмыстары қолға алынған.