ТҮРКІСТАН: Төлебидің "замәкімін" атқандардың ісінде жаңа деректер пайда болды

0
1 641


ТҮРКІСТАН: Төлебидің

Түркістан облысында өткен жылы күдіктілердің қолынан оққа ұшқан Төлеби ауданы әкімінің орынбасарының туыстары қылмыстық істегі баптардың өзгеруіне наразы, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Былтыр қазан айында белгісіз біреулердің қолынан оққа ұшқан Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваның туыстары мен қорғаушылары журналистерге арнап Шымкентте баспасөз брифингін өткізді.

Жиында алғаш сөз алған жәбірленушінің күйеуі Еркін Бейсебаев, қылмыстық істе баптардың өзгеруін түсінбейтінін, оған қарсы екенін жеткізді.

«Қылмыстық іс басында "Адам өлтіруге оқталған" деген баппен басталған екен. Енді келіп "Бұзақылық" бабына түсіпті. Біз түсіне алмаймыз. Бүкіл елдің бұқаралық ақпарат құралдары хабарлап жатты. Жоғарыдағылардың қатаң бақылауында тұрған еді. Бүгінде "Бұзақылық" бабына түсікеніне түсіне алмай отырмыз. Жаным арымның садағасы дейді. Мен өз жұбайымды, отбасымның ар-намысын сақтап қалу үшін бәріне барамын. Жоғарыдағы өкілетті кісілерден, Елбасымнан әділдік жағына шешіп берсе деп сұраймыз», - деді Еркін Бейсебаев.

Сонымен қатар, Рабиға Бейсебаеваның адвокаты, тергеу барысы жәбірленуші тарапқа құпия түрде жүргенін алға тартып отыр.

«Жәбірленуші осы күнге дейін қылмыстық іспен таныспаған, қорғаушылар да таныспаған. Тергеуші акт түзіп, қылмыстық істі ҚР қылмыстық процессуалды кодексінің 300 бабы бойынша, айыптау актісімен прокуратураға жолдаған. Мен енді сот тергеуіне қатысып отырмын. Қылмыстық іс қозғалғаннан прокуратураға жолданғанға дейін, Бейсебаевада бірде-бір құжат көшірмелері жоқ. Қолына берілмеген», - дейді Р.Бейсебаеваның қорғаушысы Жарқынбек Ибадуллаев.

Бұл іске жуырда ғана қосылған Түркістан облысы адвокаттар алқасының адвокаты Гүлжан Абдухаликова, сот отырысы барысында тергеу барысында сұралмаған куәгерлер тыңдалып, іс басқа арнаға бұрылып бара жатқанын айтады.

Сонымен қатар, Рабиға Бейсенбаева өзіне қатысты әлеуметтік желіде деректер жазған Ләззат Асанова есімді қоғам белсендісінің үстінен "жалған ақпар таратты" деп, сотқа арыз түсіргенін мәлімдеді.