ТҮРКІСТАН: Төлебилік тұрғындардың мәселелері шешіледі

0
429

Әкім тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.


ТҮРКІСТАН: Төлебилік тұрғындардың мәселелері шешіледі

Төлебилік тұрғындар көтерген мәселелер ретімен шешімін табады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың Аққұм ауылдық округінде өткізген жеке қабылдауында ауыл тұрғыны Мырзалы Абдиров көптеген мәселелер көтеріп, оны шешу жолдарын сұрады. Қабылдауда тозығы жеткен электр бағаналары, ауыз су, жол тағы басқа өзекті мәселелер айтылды.


Аудан басшысы көтеріп отырған мәселенің маңызды екенін айтып, осы бойынша атқарылатын жұмыстарды әңгімеледі. Биылғы жылы Момынай елді мекеніндегі тозығы жеткен электр бағаналары инвест жоба негізінде ауыстырылып, бұлақ басы толық каптаждалады. Сонымен қатар, Аққұм елді мекеніндегі 4 шақырым болатын орталық көшеге аяқ жол салынып, Ащы көшесі орташа жөндеуден өтетін болады.


Сондай-ақ, Аққұм ауылына кіреберіс жердегі жар сырылып, абаттандыру жұмысын жүргізу жоспарланған. Қабылдау соңында аудан әкімі барлық өтініштер өзінің жеке назарында болатындығын жеткізіп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.