ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданында этнотуризм дамып келеді

0
788

Қазіргі таңда ауданда 32 туристік нысан жұмыс істейді.


ТҮРКІСТАН: Түлкібас ауданында этнотуризм дамып келеді

Түлкібас ауданында этнотуризм дамып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 10 айдың қорытындысы бойынша өткен брифингте Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт айтты.


«Түлкібас ауданының ішкі өнімі 80 млрд 244 млн 700 мың теңгені құрады. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі - 11 млрд 357 млн 200 мың теңге. Аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 13 млрд 314 млн 900 мың теңгеге жетіп отыр. Бұл көрсеткішпен облыста ауданымыз алғашқы орыннан көрінді. Көтерме және бөлшек сауда тауар айналымы 12 млрд 550 млн 300 мың теңгеге жетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 7 жоба, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» мен «Екінші деңгейлі банк» бірлескен жобасы әзірленіп, 31 жоба қаржыландырылды», - деді Нұрлан Мархабатұлы.


Одан бөлек, ауылшаруашылық өнімінің көлемі 52 млрд 664 млн 700 мың теңге болды. Бұл ретте жоспарланған 22,8 мың га масақты дәнді-дақыл орылып, 48,6 мың тонна астық жиналды.


Табиғаты шұрайлы ауданда этнотуризмді дамытуға басымдық берілуде. Қазіргі таңда ауданда 32 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында 3 қонақүй, 6 балалар сауықтыру лагері, 2 емдік сауықтыру орталығы, 21 туристік аймақ пен туристік база бар.


Аудан әкімінің айтуынша, биыл туризм саласын дамыту мақсатында 3 жоба іске асырылған. Мәселен, биыл «Түлкібас саясы» емдік-сауықтыру оңалту кешені ашылды. Мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, ғимарат салған кәсіпкер 50 адамды жұмыспен қамтиды. Бел омыртқа ауруларын емдейтін жаңа орталық жылына 1500-ден астам адамды қабылдайды. Сондай-ақ «Таң Нұры» ЖШС емдеу сауықтыру кешені бой көтерді. Бүгінгі таңда лагерді қайта құрылымдау жұмыстары 90% пайызға орындалған. Бұдан бөлек, «Etno Park Resort» этноауыл туристерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұнда туристердің талғамына сай ұлттық нақыштағы 5 киіз үй, соңғы үлгідегі бірнеше қонақүй бар. Бұдан бөлек, «Tulkibas-Fishing & Resort» ЖШС қонақүй және фарель балығын өсіру жобасын айтуға болады. Сыйымдылығы 100 орындық демалыс аймағының құрылыс жұмыстары 85%-ға орындалған. Ол биылғы желтоқсан айына толық іске қосылмақ.


Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 150 орындық «Тұрсынбеков», 300 орындық «Майлыкент» мектебінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша «Аманкелді» және 100 орындық «Абайыл» мектептері, ал Састөбе кентінде 75 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория ғимараты пайдалануға берілген. Демеушілер есебінен Ұрбұлақ, Ынтымақ, Керейіт елдімекендерінде футбол алаңшалары және Шұқырбұлақ ауылында ашық спорт алаңшасы салынған. Сондай-ақ, Азаттық ауылында жабық спорт алаңшасы, Көктерек елдімекенінде спорт зал құрылысы жүргізілуде.


Сонымен бірге, қысқа мерзімді кәсіптік оқуды ұйымдастыру бойынша 60 азаматты 3 мамандық бойынша оқуға жолдама берілді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 162 азамат, жастар практикасына 319 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 35 азамат жолданды. Мемлекеттік грант бойынша жоспардағы 183 азаматқа қайтарымсыз грант берілді. Ақылы қоғамдық жұмысқа 1066 жұмыссыз адам тартылды. Ал мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» бойынша, ауданда 635 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болса, қазіргі таңда 848 жаңа жұмыс орны ашылды.