ТҮРКІСТАН: Түлкібас емханасында жаңа қызмет түрлері пайда болды

0
1 138

Жаңа қызмет түрлерін аудандық бас дәрігер таныстырды.


ТҮРКІСТАН: Түлкібас емханасында жаңа қызмет түрлері пайда болды

Түлкібас аудандық емханасында жаңа қызмет көрсету орындарының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шараның қызыл лентасын ауданымыздың әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен мәслихат хатшысы Сәдуақас Сейсенбаев қиды. «Түркістан адалдық алаңы», «Әлеуметтік қызметтер орталығы», «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы» деп аталатын жаңа орындардың мүддесімен аудандық емхананың бас дәрігері Тұрлыбеков Бақыт Кеңесбекұлы таныстырды.

"Қазақстан күннен-күнге даму үстіндегі алып мемлекет. Біздің еліміз қазіргі таңда елу елдің қатарына кіруге толық негізі бар мемлекеттер қатарында. Ауданымызда әр күн сайын жаңаша түрленіп, гүлденуде. Оған тиісті мекемелердегі тиісті тұлғалардың ерен еңбегі себеп деп білемін. Аянбай төккен тер, қашанда нәтиже беретіні даусыз. Қарапайым халық үшін жасаған мына жұмыстарымызда көңілдеріңізден шығып, әжеттеріңізге жарайды деген сенімдеміз. Өйткені, алдағы уақытта баяғыша кезек күтіп, әр есіктің тұтқасын қағып табандарыңыздан тозбайтын боласыздар.Мына жердегі цифрлы теледидар арқылы тиісті дәрігеріңізге жазылып, ем қабылдау нұсқаулығын ала аласыздар. Тіпті, бұл жерге келмей-ақ арнайы сайтты қалта телефоныңызға тіркеп алып, үйде отырып-ақ дәрігеріңіз жайлы мәліметті толық оқи отырып, кезекке жазыла аласыз. Бұл сіздердің қажеттеріңізге жарасын деп жасаған жаңа әрі тың дүниеміз. Сонымен қатар, сіздер «Адалдық алаңындағы» арнайы психологтармен жолығып, бастапқы проблемаларыңыздан ажырай аласыздар. Таза әрі жайлы осындай алаңда отырып, кезек күтіп көңілдеріңізге тыныштық, күш пен жігер жинайтындарыңызға кепілдік мол. Қарапайым халыққа қалтқысыз,адал, таза қызмет көрсететін дәрігерлер мен емхана ұжымына алдағы уақытта сәттіліктер тілей отырып, үлкен сенім білдіремін", - деді емхананың бас дәрігері Бахыт Кеңесбекұлы.

Одан әрі аудан әкімі арнайы нысандармен танысып, жөндеу жұмыстары аяқталған бірқатар орындарды аралады. Цифрлы теледидар-нұсқаушымен жіті танысып, халықты осыған үйрету жұмыстарын жүргізу керектігін тапсырды.

"Қарапайым халықты цифрлы ақпарат алуға үйрету керек. Ол үшін округ,ауыл-аймаққа түсіндіру жұмыстары жүргізілсін. Баспасөз беттерін пайдалана отырып, халыққа үндеу жүргізіңдер",- деп тапсырма берді Нұрбол Тұрашбеков.

Нәтижелі жүргізілген жөндеу жұмыстары алдағы уақытта халық игілігі үшін жарайды деген сенім білдіргендер легі жетерлік.