ТҮРКІСТАН: Түлкібаста емделуші емханадағы микроскопты ұрлап кетті

0
944

ҚР қылмыстық кодексінің 188 бабы "ұрлық" бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған.


ТҮРКІСТАН: Түлкібаста емделуші емханадағы микроскопты ұрлап кетті

Қан тапсыруға келіп, емхандан құны 400 мың теңге тұратын микроскоп құрылғысын ұрлап кеткен. Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны, жасы отызға да жетпеген жігіт емдеу мекемесінде ұрлық жасап қолға түсті деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы емханалардың бірінен полиция бөліміне ұрлық фактісі жайлы шағым түскен. Емхана қызметкері қан тапсыруға келген емделуші кабинетте әңгімелесіп отырғанын айтады. Медбикенің келесі кабинетке бір сәтке кеткенін пайдаланған ол стол үстінде тұрған микроскопты алып, дереу табанын жалтыратқан. Кабинетке келген емхана қызметкері емделушінің де, медициналық құрылғының да жоқ екендігін байқап бірден полицейлерге хабар берген. Түлкібас аудандық полиция бөлімінде аталған жәйт Қазақстан республикасының қылмыстық кодексінің 188 бабы "ұрлық" бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалған.

"Арыз түскен сәттен бастап оқиға орын алған жерге жедел аттанған учаскелік полицейлер өз істерін сауатты жүргізеді. Яғни, қылмыскерді ұстау үшін қажетті деген шараларды атқарып, көрген білгендерден сұрастырады. Сондай-ақ, аурухана ішіндегі бейнебақылау камераларын тыңғылықты тексереді. Бейнебақылау камерасынан ілік тапқан полицейлер күдіктінің түр-тұлғасын дереу анықтап, ауданның барлық аймақтарындағы полицейлерге хабар берген. Осылайша полицейлер күдіктіні Түлкібастан Шымкент қаласына қарай бағытталған көлікке мініп, қашып кетпекші болған жерінен құрықтайды. Яғни, жедел әрекет еткен сақшылар небары үш сағаттың ішінде ұрыны қолға түсіріп, емхананың емделушілері үшін қажетті болған құрылғысын қайтарып берді,"- деп хабарлайды Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Емханадан құны 400 мың теңгенің құрылғысын ұрлап, Шымкент қаласына қарай қашпақ болған күдікті бұрын сотты болған. Қазір қолы суық күдіктіге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданған.