ТҮРКІСТАН: Тұрғын үйдің алғашқы жарнасы 10 пайызға төмендеді

0
1 016

Азамат белгілі әлеуметтік санатқа сәйкес келсе несиені 2%-бен рәсімдей алады.


ТҮРКІСТАН: Тұрғын үйдің алғашқы жарнасы 10 пайызға төмендеді

Түркістан облысында тұрғын үйдің алғашқы жарнасы 10 пайызға төмендеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының «Отбасы банк» АҚ директорының орынбасары Дәурен Мырзатаев айтты.


«Жаңа тұжырымдама бұрынғы «Нұрлы жер» бағдарламасының орнына қолданылады. Басты ерекшеліктері - бастапқы жарна «Нұрлы жер» бағдарламасында 20%-ды құраса, ал жаңа тұжырымдама бойынша 10%. Сондай-ақ, табыс көзіне шектеу жоқ. Ең бастысы, соңғы 6 айда үзілмеген табыс көзі болуы қажет. Одан бөлек, үй кезегінде тұрған азаматтарға 5%-бен рәсімделеді. Ал егер үй кезегіндегі азамат белгілі әлеуметтік санатқа сәйкес келсе несиені 2%-бен рәсімдей алады. Талап - отбасы мүшелерінде соңғы 5 жылда ел аумағы бойынша жылжымайтын мүлік болмауы керек. Өтінім жіберу www.otbasybank.кz сайты арқылы жүргізіледі», - деді Дәурен Серікқалиұлы.


Брифинг барысында Түркістан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов биыл өңірде барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін айтты. Сондай-ақ, 9 айдың қорытындысымен облыс бойынша 669,4 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне тапсырылған.


Еске сала кетейік, Түркістан облысы құрылғалы, 2018-2023 жылдар аралығында кезекте тұрған 6 303 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтылған.