ТҮРКІСТАН: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары оң нәтиже көрсетіп отыр

0
582

Арнайы өткізілген тәуелсіз зерттеу қорытындысы осындай шешім шығарған.


ТҮРКІСТАН: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары оң нәтиже көрсетіп отыр

Түркістан өңіріндегі зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі оң нәтиже беруде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан өңірінде жүзеге асқан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі оң нәтиже беруде. Арнайы өткізілген тәуелсіз зерттеу қорытындысы осындай шешім шығарған. Түркістан облысының тәжірибесі негізінде қолға алынған жоба барлық өңірлерде қолдау тапты. Бес жылдан бері жүзеге асып келе жатқан орталық жұмысының нәтижесі Түркістан облысы әкімдігінде өткен басқосуда жарияланды. Аталған қызмет Түркістан облысының барлық аудандарында жұмыс істейді.


Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары С.Қалқаманов пен Ұ.Тәжібаев, облыстық басқарма басшылары мен ЮНФПА өкілдері қатысты. Басқосуда ЮНФПА өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысымен әзірленген стратегияға жоғары бағаларын берді. Бұл коммуникациялық стратегия БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының «Орталық Азияда гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы әрекет етуді жақсарту үшін ұлттық әлеуетті күшейту» жобасы аясында Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен әзірленген.


Талқыланған тақырыптың маңыздылығын атап өткен облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов коммуникациялық стратегия негізінде шұғыл жоспар құруды тапсырды. Сонымен бірге ол өңірде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін мәлімдеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі ауылдардағы әйелдерге көмек көрсетеді. Себебі дағдарыс орталықтары көбінде қалалық жерлерде орналасқан. Жоба Қазақстанның 5 облысында жүзеге асуы мүмкін. Отбасында зәбір көрген әйел көмек сұрап, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырмайды. Жеке басындағы тауқіметті арнайы қызмет мамандары білсе жеткілікті. Олар өздері полицияға, әлеуметтік қызметтерге, прокуратураға және тағы басқа ұйымдарға хабар береді.


«Түркістан облысымен әріптестік жоғары деңгейде. Бұл өңірде гендерлік зорлық-зомбылық бойынша жақсы жұмыстар атқарылуда. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар күшейді», - деген Қазақстандағы ЮНФПА-ның өкілі Ғазиза Молдақұлова демографиясы жоғары өңірде ана құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу аса маңызды екенін атап өтті.