ТҮРКІСТАН: «XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы қазақ мемлекеті» атты галерея ашылды

0
464

Кітапта жиналған 2000 картаның 130-ы ғана енген.


ТҮРКІСТАН: «XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы қазақ мемлекеті» атты галерея ашылды

Түркістанда «XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы қазақ мемлекеті» атты галереяның ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына және Мемлекеттік рәміздер күніне орай «XVI-XIX ғасырлардағы Еуропалық және Америкалық карталардағы қазақ мемлекеті» атты галереяның ашылу салтанаты өтті.


Іс-шара аясында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлының «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ Мемлекеті. Атлас» кітабының зерттеу нәтижесінде жинаған қазақ карталарының көрмесі қойылды.


Жиында университет ректоры Жанар Темірбекова Түркістан жұртшылығын айтулы мерейтойымен құттықтап, аталған галереяның университетте ұйымдастырылуының мақсаты мен маңызын атап өтті.


Кітап авторы қазақ халқының карталарын іздеу барысындағы қиындықтары, еңбек жолын, зерттеу тәсілдері мен тарихын кеңінен баяндады.


«Кітапта жиналған 2000 картаның 130-ы ғана енген. Қазақ картасын жинауға 17 жыл уақыт кетті. Барлық картаны бір кітапқа сыйдыру мүмкін болмады. Алдағы уақытта кітаптың 7 томын жарыққа шығару жоспарда бар», – деді ғалым.


Зерттеу барысында Италия, Испания, Щвеция, Франция сынды басқа да ірі мемлекеттердің мұрағаттарынан құнды құжат болып саналатын карталары табылған. Нәтижесінде еліміздің тарихи кітап қорына «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ Мемлекеті. Атлас» еңбегін қосылды. Кітап 600 беттен тұрады. Салмағы – 8 келі.


Түркістан облысының мерейлі мерекесіне сый болған бұл галереяның маңызы зор. Себебі, галерея – Түркі жұртының ортақ рухани астанасы атанған Түркістанның карта беттерінде, өзге елдердің тарихи мұрағатында сызбалармен сақталғанын айқын көрінісі. Көпшілік Қазақ жерінен бөлек, Түркістанның географиялық аймағы мен Яссы, Хазірет Сұлтан сынды атаулармен әлем тарихында қалған ірі өңір екеніне тағы да көз жеткізді.


Ғалым Түркістанның төрінде түркі жастарының басын қосқан білім ордасына қазақ карталарын сыйға тартты. Кездесу соңында зерттеуші Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы университет басшылары және Түркістанның зиялы қауым өкілдерімен бірге галереяның лентасын қиды.