ТҮРКІСТАН: Ясауи атындағы ХҚТУ Әз Наурыз мейрамын атап өтті

0
610

Әз Наурыз мейрамы Түркістанда әлі де жалғасып жатыр.


ТҮРКІСТАН: Ясауи атындағы ХҚТУ Әз Наурыз мейрамын атап өтті

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жылдағы дәстүр бойынша Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде жылдағы дәстүр бойынша Наурыз мейрамы кең көлемде тойланды. Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге университет ұжымының бәрі бір кісідей атсалысты. Наурыз тойына жалпы саны 4000 мыңға жуық адам қатысты.


Мейрам «Түлектер аллеясында» ағаш отырғызу рәсімінен бастау алды. Бұдан әрі жиналған қауым университет алдындағы үлкен алаңға жиналып, Наурыз мерекесіне орай арнайы ұйымдастырылған салтанатты шеруді көруге асықты. Көшті жаршылар мен Қыдыр ата бастап, оқу орнының студенттері мен ғалымдары, оқытушы-профессорлар құрамы жалғады.


Университет алаңында киіз үйлер тігіліп, шатырлар мен алтыбақан құрылды. Орталық алаңда қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру, аударыспақ, қол күресі спортынан жарыстар өтіп, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.


Студенттер мен қызметкерлер қазақы нақышта киім киіп, мерекенің сәнін кіргізді. Ал, түрлі этнос өкілінен жиналаған студенттер ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрін насихаттады. Сондай-ақ, ертеден келе жатқан асыл мұралар дәріптеліп, сурет және қолөнер көрмелері қойылды.


Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерттің шымылдығын университет басшылары құттықтау тілегімен ашып берді.


«Наурыз – түркі халықтарына ортақ, ежелден келе жатқан ұлы мейрамымыз. Түркі әлемінің елдері Наурызды тойлауға ерекше мән береді. Бұл үрдіс түркітілдес ұлттардың жастарының қара шаңырағына айналған біздің университетімізде де қалыптасқан. Қасиетті Рамазан айы және бүгінгі – Ғылым қызметкерлерінің күнімен қатар келген Наурыз тойымыз баршамызға құтты болсын», - деді университет ректоры Жанар Темірбекова.


Бұдан әрі әннен шашу шашылып, күмбірлеген күй ойнады. Мың бұралған бишілер мен өзге де өнерпаздар өнерлерін ортаға салды.


Университеттегі Наурыз тойы «12 сәуір – ғылым қызметкерлерінің күні» мерекесімен қатар келгендіктен, ғылыми ізденісте жетістікке жеткен ғалымдарға арнайы марапат пен Алғыс хаттар табысталды.


Іс-шаралардың негізгі бөлігі аяқталған соң, әр бөлім мен факультеттердің арнайы тігілген киіз үйлері мен университет алаңында студенттерге және барлық қатысушыларға арнайы Ауызашар дастарханы жайылды. Ұлыстың ұлы күні осындай игі шарамен аяқталып, көпшілік керемет көңіл күймен тарқасты.