ТҮРКІСТАН: Зағип жандар арасында жарыс өтті

0
443

Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.


ТҮРКІСТАН: Зағип жандар арасында жарыс өтті

Арыс қаласында мүмкіндігі шектеулі зағиптар арасында жарыс өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін қалалық орталық спорт кешенде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай мүмкіндігі шектеулі зағиптар арасында жарыс өтті. Спорттың шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, қол күрес, арқан тарту түрлерінен өткен ауданаралық жарысты қала әкімі Құрманбекова Гүлжан Мамытқызы ашып, спортшыларға сәттілік тіледі.


Атап өтсек, бұл сайысқа Арыс, Кентау қалалары және Отырар, Ордабасы аудандарынан келген командалар қатысып, бір-бірлерінен кем түспейтіндігін дәлелдеп, тартысты ойын өрнегін көрсетті.


Командалар бірнеше спорт түрінен сынға түсіп, жалпы жарыстың нәтижелері бойынша Ордабасы командасы бірінші, Арыс командасы екінші орынды еншілеп, Отырар ауданының командасы үшінші орынды қанжығасына байлады. Жарыс жеңімпаздарына қала әкімі Г.Құрманбекованың арнайы дипломы тапсырылып, медальдар тағылды. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.