ТҮРКІСТАН: Заңсыз сауданы бақылау қолға алынды

0
577

Жабайы сауда етек жайған.


ТҮРКІСТАН: Заңсыз сауданы бақылау қолға алынды

Жетісай ауданында жабайы саудаға рейд жасалды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына барынша жағдай жасалып, мүмкіндіктер қарастырылған. Әйтсе де, жасалатын бизнес заңды, адал болуы керек. Осы орайда Жетісай ауданында рұқсатсыз ашылған сауда орындарының қызметін тоқтатуға, бақша мен көкөністердің құрамында нитратты заттардың талапқа сәйкестігін тексеруге бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру, заң талаптарына сәйкес шара көру мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып, рейдтік Іс-шаралар ұйымдастырылды.

"Күн жылынып, жер қызған сәтте көшелердегі заңсыз сауда нүктелеріндегі жабайы саудалардың да қыза түсетін мезгілі. Бірі қауын-қарбыз, көкөніс сатып пайда тапса, енді біреулері ашық ауа астында сусындар мен ас-ауқат сатып ақша табады. Елдегі карантиндік режимнің әлі де болса саталуына қарамастан сауда нүктелерінің көбі санитарлық талапқа сай келмейді", - делінген Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында құрылған жұмысшы топ құрамында ауданның атқарушы және аумақтық органдары, ішкі істер бөлімі инспекторлары мен аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, кірістер басқармасы қызметкерлері мен Жетісай қаласы әкімінің орынбасарлары, БАҚ өкілдері бар.

Сондай-ақ, қаладағы кейбір тұрғындар сауда жасап нәпақы табамын деп қала тазалығын сақтауды естен шығарып, бірқатар заңсыздықтарға жол берген. Сонымен қатар, рейд барысында кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің сауда жасау фактісі де анықталды. Заңсыз салынған сауда нүктелері де жоқ емес. Көше жағалай жайылған жабайы сауда нүктелері иелерінің айтар уәжі «жұмыс жоқ, базар ішіндегі сауда нүктелері қымбат».

Бұған дейін де жабайы сауда нүктелерін анықтап, тосқауыл қою ісінде шаһар басшылығының бастамасымен бірнеше рейдтік жұмыстар жүргізілгенімен нәтиже көңіл көншітпейді. Өйткені – жүргізілген рейдтік жұмыстары өміршең емес, тек айтылған сәтте ғана жасалады. Ертеңіне айппұл салынған немесе қандай да бір орында сауда жасауына шектеу жасалған саудагер өз орынында отырады. Бұл да болса бақылаудың нашарлығынан.

Ендігі жерде құрылған жұмысшы тобы бастаған істі орта жолда тастамай, соңына дейін жеткіземіз деп отыр.