ТҮРКІСТАН: Жалған есеп берген медициналық ұйымдарға айыппұл салынды

0
738

Көрсетілмеген медициналық көмекті «көрсетілді» деп жазған.


ТҮРКІСТАН: Жалған есеп берген медициналық ұйымдарға айыппұл салынды

Түркістан облысында бірнеше медициналық ұйымға айыппұл салынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы екені көпшілікке мәлім. Осы ретте, аталған қор медициналық ұйымдармен келісімшарт жасасқан кезде тапсырыс беруші әрі төлеуші болып саналса, өз кезегінде медициналық ұйым медициналық қызметтерді ұсынады.


Тиісінше, қор сарапшылары келісім міндеттемелері шеңберінде ТМККК және МӘМС аясында жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың көрсеткен қызметтерінің сапасы мен көлеміне ұдайы мониторинг жасап отырады. Шара барысында медициналық көмек көрсету стандарттарынан, клиникалық хаттамалардан және басқа да нормативтерден кемшілік жіберілгені анықталса, медициналық ұйымдарға айыппұл санкциялары салынады. Осы орайда, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы медициналық көмек көрсету сапасын бағалау және шарттық міндеттемелерді мониторингтеу бөлімінің басшысы Алтыбаев Нұржан Кәрімжанұлы тексеру нәтижелері бойынша мәлімет берген болатын.


Оның сөзіне сүйенсек, 2023 жылдың 6 айында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 73 454 кемшілік анықталыпты. Айыппұл сомасын қоса алғанда, келісімді бұзған ұйымдарға жалпы 696,5 млн. теңге көлемінде экономикалық ықпал ету шаралары қолданылған.


Атап айтсақ, стомотологиялық қызметтер, жүкті әйелдерге көрсетілетін (антинатальды) қызметтер, амбулаторлық реаблитация, консультативтік-диагностикалық қызметтер және көрсетілмеген қызметтерді қосып жазу жағдайлары бойынша кемшіліктер орын алған.


Көрсетілмеген медициналық көмекті «көрсетілді» деп жазып, 9 медициналық мекемеде жалған ақпарат беру бойынша 257 жағдай тіркеліп, оларға 5,5 млн. теңгеге экономикалық ықпал ету шаралары қолданылған. Аталған кемшілік бойынша көш бастап тұрған «AN CLINIK» ЖШС (47,4%), жеке кәсіпкер «Билисбаев Б.Б.» (17,8%) және «Адам-Капита» ЖШС (11,2%).


Талдау нәтижелеріне сүйенсек, көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемін асырып көрсету бойынша көптеген заң бұзушылық орын алған. Кемшіліктердің басым бөлігі консультативтік-диагностикалық қызметтерде анықталады.


Мемлекет басшысы өз сөзінде консультативтік-диагностикалық көмекті көрсету барысында жалған жазбаның көп орын алатынын тілге тиек еткен болатын. Салдарынан қаржы жетіспеушілігі мәселесі туындайды. Сондықтан қор өз тарапынан медициналық ұйымдардың шарттық міндеттемелерді орындауына мониторинг жүргізіп, мұндай фактілердің жолын кеседі. Бұл медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.