ТҮРКІСТАН: «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» акциясы өтті

0
774

Әскери оқу орындарына түсу тәртібі туралы мағлұматтар берді.


ТҮРКІСТАН: «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» акциясы өтті

Түркістанда «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» тақырыбында мектеп оқушыларына арналған әскери-патриоттық акциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің беделін арттыру, жастардың әскери-патриоттық рухын көтеру мақсатында «Ұлы Дала Елі» орталығында «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» тақырыбында мектеп оқушыларына арналған әскери-патриоттық акциясы өтті. Оны ҚР Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті және ҚР ҚК БШ Жұмылдыру-ұйымдастыру жұмыстары департаменті мен Жастар ресурстық орталығы, «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы бірлесе ұйымдастырды.


Іс-шараға жергілікті атқару органдарының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері қатысты. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрметті ардагері, доғарыстағы полковник Бабай Алдабергенов Түркістанға келген барша офицерлер мен әскери қонақтарға алдағы жұмыс жоспарына сәттілік тіледі.


Еліміздің бірнеше өңірінде жоспарланған ақпараттық-түсіндірме тобында ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілі подполковник Ғалымжан Қаршығаұлы, ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі, полковник Қуаныш Зекенұлы, ҚР ҚМ Заң департаментінің өкілі, подполковник Полатхан Алдабергенұлы арнайы қатысты. Олар жастарды Отан алдындағы әскери парызын өтеуге шақырды. Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіріп, әскери оқу орындарына түсу тәртібі туралы мағлұматтар берді.


Сонымен қатар әскерилерді медициналық көмекпен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, әскерге шақыру тізіміне тіркеу тәртібі және әскери есеп пен қызметтің заңнамаларының негізгі ережелері де оқушыларға толыққанды түсіндірілді. Іс-шара соңы әскери-патриоттық ән кешіне ұласты.