ТҮРКІСТАН: Жаңа мәслихат құрамының бірінші сессиясы өтті

0
2 661

Депутаттық құрам 70% жаңарған.


ТҮРКІСТАН: Жаңа мәслихат құрамының бірінші сессиясы өтті

Жетінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының алғашқы сессиясы өтті , - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облыстық мәслихатының жетінші шақырылымдағы жаңа құрамы алғашқы сессияда бас қосты. Сессия жұмысына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімдігінің мүшелері, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, мемлекеттік органдар басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. Күн тәртібінде 5 мәселе қаралды. Мәслихат хатшысын сайлап, халық қалаулыларын таныстырған сессия отырысы, тұрақты комиссия мүшелерін де бекітті.

«Жетінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының хатшысын сайлау туралы» күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз «Nur Otan» партиясы фракциясының атынан фракция жетекшісі, депутат Бейсен Тәжібаевқа берілді. Бұл орынға Қайрат Балабиев ұсынылып, жиынға қатысушылар арасынан дауыс жиналды. Нәтижесінде, Қайрат Балабиев Жетінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланды.

10 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттарының сайлауы шын жүйрікті анықтап берді. Жалпы, облыстық 45 депутаттың «Nur Otan» партиясынан – 37, «Ауыл» және «Ақ жол» партияларынан 4 мандаттан иеленді. Алғаш рет облыстық мәслихаттың құрамына «Nur Otan» партиясынан бөлек, «Ауыл» және «Ақ жол» партияларының өкілдері сайланып отыр. Сессия отырысында 45 азаматқа депутаттық төсбелгі мен куәлік табысталды. Депутаттық құрам 70% жаңарған. Олардың арасында 11 әйел азаматшасы мен 29 жасқа дейінгі бір жас депутат бар.

Облыстық мәслихаттың 7-шақырылымына сайланған депутаттардың құрамында кәсіпкерлер, білім, денсаулық сақтау, өнеркәсіп саласы, үкіметтік емес ұйым, БАҚ және ауыл шаруашылығы, жастар саласының өкілдері, сонымен бірге көпбалалы ана да енді.

Түркістан облысының әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттары мандатына ие болған азаматтарды құттықтады.

«Жаңа құрамның сайлануы – облыс халқының экономикалық және азаматтық белсенділігін арттыруға қуатты серпін беріп қана қоймай, болашаққа нық қадам басатынына сенімім мол. Облыста атқарылған шаруалар аз емес, дегенмен алдымызда өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту, азаматтарымыздың әлеуметтік игілігін қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мен әл-ауқатын арттыру міндеті тұр. Осы алға қойған мақсаттар мен міндеттерді жүйелі түрде орындауымыз қажет. Сіздер сайлану арқылы жауапкершілік алып, халықтың сеніміне ие болдыңыздар. Баршаңызды тағы да құттықтай отырып, елімізге тыныштық пен амандық, өздеріңізге денсаулық және алдағы еңбек жолында барлығыңызға зор табыс тілеймін», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Түркістан облысы бойынша дауыс беру құқығына ие 1 млн. 160 мыңнан аса сайлаушы болса, оларға 911 сайлау учаскесі қызмет көрсеткен. Саяси науқанға бір кісідей атсалысқан тұрғындар өз таңдауын жасап, қалауындағы азаматтарға сенім білдірді.