ТҮРКІСТАН: Жаңадан сайланған Мақтаарал ауданының әкіміне маңызды міндеттер жүктелді

0
499

Тұрғындардың өтініштерін сапалы, уақтылы шешу қажеттігін айтты.


ТҮРКІСТАН: Жаңадан сайланған Мақтаарал ауданының әкіміне маңызды міндеттер жүктелді

Мақтаарал ауданының әкімі болып қызмет атқарып келген Бақыт Насырханұлы Асанов сайланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Естеріңізде болса, 5 қараша күні Түркістан облысында 4 ауданның әкімі сайланған болатын. Мақтаарал ауданы бойынша сайлауға 3 үміткер қатысып, сайлаушылар тізіміне 70648 азамат енгізілді. Дауыс беруге 46114 сайлаушы қатысты. Сайлау қорытындысымен 29338 дауыспен Мақтаарал ауданының әкімі болып 1962 жылы туған, осыған дейін Мақтаарал ауданының әкімі болып қызмет атқарып келген Бақыт Насырханұлы Асанов сайланды.


Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мақтаарал ауданы активімен кездесіп, жаңадан сайланған Асанов Бахыт Насырханұлының жұмысына сәттілік тіледі, бірқатар міндет жүктеді.


Мақтаарал аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Ерімбетов сайлау қорытындысы туралы баяндап, аудан әкіміне арнайы куәлігін тапсырды.


Облыс әкімі аудан басшысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары мен бағдарламаларын сәтті жүзеге асыру міндеті жүктеліп отырғанын атап өтті. Тұрғындардың өтініштерін сапалы, уақтылы шешу қажеттігін айтты.


«Мақтаарал – облысымыздағы аграрлық әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Ауыл шаруашылығына инвестиция тартып, мақта өңдеу саласында озық технологияларды енгізу бойынша жұмыстар атқарылсын. Егін шаруашылығында кездесетін мәселелерді жедел шешіп, шаруаларды жан-жақты қолдау қажет. Екіншіден, аудан шекаралық аймақ болуына байланысты көрші елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде мақта өніміндерін терең өңдеу тәжірибесін ауданда іске асырған жөн. Үшіншіден, аудан әлеуетін көтеру үшін шағын және орта бизнесті дамытуды тапсырамын. «Ауыл аманаты» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру қажет. Ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бойынша арнайы жол картасын әзірлеп, нақты шаралар қабылдау керек. Төртіншіден, Мақтаарал ауданында барлық елді мекендерді табиғи газ, сапалы ауыз су және электр энергиясымен қамту бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізілсін. Бесіншіден, білім беру мекемелерінде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдануы тиіс. Алтыншыдан, ауданның экономикалық өсімін қамтамасыз ету бойынша нақты жоспар әзірленіп, аудан экономикасына инвестициялар тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша нақты шаралар қабылдаңыз. Жетіншіден, ауданда қоғамдық және құқықтық тәртіпті күшейту, жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған нәтижелі шаралар қабылдау – уақыт талабы. Басты мақсат – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Ауыл, елді мекендеріміз жайлы, қауіпсіз, таза болуы қажет. Жаңадан сайланған аудан әкіміне мәслихат депутаттары мен аудан активімен бірлесе отырып, осы міндеттерді орындауды тапсырамын. Мақтаарал ауданын дамыту жолындағы істеріңізге сәттілік тілеймін!», – деді Дархан Сатыбалды.


Бақыт Насырханұлы еңбек жолын 1984 жылы «Жетісай ауыл құрылыс» мекемесінде бастаған. 1986 - 1992 жылдары Ленин атындағы кеңшарда құрылыс бөлімінің шебері, Шардара ауданы, Көксу кеңшарында аға прораб болып жұмыс істеген. 1992 - 1997 жылдары Алматы қаласы, «Жібек жолы» сауда базасында және республикалық жастар кәсіпкерлігін қолдау қорында басшылық қызметтер атқарған. 1998 - 2008 жылдары Шымкент қалалық әкімшілігінің техникалық инспекциясы басшысының орынбасары болды. 1999 - 2008 жылдары Мақтарал ауданы, Жылы су ауылдық округінің әкімі, 2008 - 2018 жылдары Жетісай қаласының әкімі, Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары қызметтерінде болды. 2018 жылдың шілде айынан бүгінгі күнге дейін Мақтаарал ауданының әкімі қызметін атқарып келді.