ТҮРКІСТАН: Жануарлар мен өсімдіктерге залал келтіргендерге айыппұл салынады

0
945

Айыппұл мөлшері 9 млн. теңгеден асады.


ТҮРКІСТАН: Жануарлар мен өсімдіктерге залал келтіргендерге айыппұл салынады

Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктерге залал келтіргендерге 9 млн. теңгеден астам айыппұл салынады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында демалушылар мен туристерге қызмет көрсету мақсатында 7 бақылау өткізу бекеттері орнатылған. Парк аумағындағы өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар түрлерін қолға түсіріп иемдену, залал келтіру факті тіркелсе, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған қоса, 3 000 АЕК айыппұл салынады (3000 АЕК - 9 189 000 теңге). Бұл туралы бүгінгі брифингте "Сырдария-Түркістан" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбек мәлімдеді.


«Парк аумағына рұқсатсыз кірген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 380-бабы бойынша 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Айта кетерлігі, орман өртінің алдын алу мақсатында ауыл әкімшіліктерімен, жергілікті тұрғындармен және ауыл орта мектептерімен құрылған 63 ерікті өрт сөндіру командаларына 566 азамат жасақталды. Қазіргі таңда өртке қарсы техникалық құралдар толықтырылып, жедел шақыртуларға сақадай сай», - деді туризм, рекреация және экологиялық ағарту бөлімінің меңгерушісі Қайрат Кәрібаев.


Табиғи парк мамандары биылғы жылы «Парктер шеруі-2022» табиғат қорғау акциясын өткізбек. Акция аясында «Су айдындарын тазарту» сенбілігі және Халықаралық құстар күні аясында «Құстарды қорғау күні» акциясын өткізу жоспарлануда.