Түркістан жастары 300-ден астам дәрі қобдишасын таратты

0
792

Оттегі аппараттарын да үлестіруде.


Түркістан жастары 300-ден астам дәрі қобдишасын таратты

«О2MIR» мен «SHIPA» жобалары елге үміт сыйлауда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі пандемия кезінде елге көмектесу және қолдау мақсатында «Jas Turkistan» еріктілер қозғалысы құрылған болатын. Оның құрылуына мұрындық болған «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы, «Jas Otan» жастар қанаты және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мамандары мен волонтерлары. Олар «О2mir» мен «Shipa» деп аталатын ауқымды жобаны іске асырып жатыр.

«О2mir» – қазіргі кезде облыс аумағында тапшы болып отырған оттегі аппараттарын жеткізу. Ал «Shipa» – дәрі-дәрмектер қобдишасын әлеуметтік жағдайы төмен және де аз қамтылған отбасыларға жеткізу.

Жергілікті депутаттар мен кәсіпкерлер демеушілігінен жиналған қаржыға осы күнге дейін жиырмаға жуық оттегі аппараты мен 300 дәрі-дәрмек қобдишасы таратылған. Оның алғашқы кезеңінде Түркия елінен келген екі аппаратты «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Б.Тәжібаев облыстық қоғамдық денсаулық басқармасына табыстаған болатын. Сол күні еріктілер 30 дәрі-дәрмек қобдишасын қаладағы әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған отбасыларға таратты. Қобдишаның ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары мақұлдаған қажетті дәрілер бар.

Еріктілер жобаларын әріқарай жалғастырып осы кезге дейін әр аудан, қаладағы тұрғындарға 300 дәрі қобдишасын таратты.

Бастама осы аптада 10 тыныс алу аппаратын алып келумен жалғасты. Оның 4-і Түркістан қаласындағы жұқпалы ауруханасына берілді. Сонымен қоса, Ордабасы ауданына 4 және Арысқа 2 аппарат жіберілді.

«Қазіргі таңда тағы 200 дәрі-дәрмек қобдишалар дайындалу үстінде. Олардың бір бөлігі қарттар мен балалар үйіне де жіберіліп жатыр. Сонымен қоса, тағы да 30 аппарат әкелу жұмыстары жүргізіліп жатыр» – деді Түркістан облысы Жастар ресурстық орталығы басшысы Амалбек Өміртай.