ТҮРКІСТАН: «Жасыл белдеу» аумағы 13 500 гектарға жетті

0
456

Жыл соңына дейін оның көлемін 20 000 гектарға жеткізу жоспарлануда.


ТҮРКІСТАН: «Жасыл белдеу» аумағы 13 500 гектарға жетті

Түркістан қаласының айналасын көгалдандыру мақсатында іске асып жатқан «Жасыл белдеу» жобасының жалпы аумағы 2 есе ұлғайып, 13 500 гектарға жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістанның табиғи тынысына айналған ауқымды шара туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалымен өткен апталық аппарат отырысында Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев мәлімдеді. Облыс әкімінің бастамасымен шаһарды жасыл желекке бөлеп, климатын өзгерту үшін 2019-2022 жылдары Түркістан қаласының айналасынан 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда бұл жұмыстар мерзімінен бұрын толығымен орындалды.

«Өткен жылы «Казатомпром» акционерлік қоғамының қолдауымен 5800 гектар жерге сексеуіл ағашы егілді. Оның ішінде 3300 га жерге көшетпен және 2500 га ұрықпен себілді. Түркістан қаласындағы халықаралық аэропорт жолының бойы 252 га жер телімі толықтай тамшылатып суару жүйесіне қосылды. Отырғызылған ағаш көшеттерін желден қорғау үшін, оларды жіппен тартып байлау жұмыстары жүргізілуде. Қалған учаскелердегі отырғызылған ағаш көшеттердің ұңғымалар мен канал, насостар арқылы сумен қамтамасыз етілген. Суару жүйесімен қамту жұмыстары жалғасуда»,-деді басқарма басшысы өз баяндамасында.

Жиналыста өңірдің санитарлық эпидемиологиялық жағдайы талқыланды. Қазіргі уақытта Түркістан облысы коронавирус аурушаңдығының көрсеткіші бойынша ҚР бойынша «жасыл» аймақта орналасқан. Осы күнге дейін 44 мыңнан астам түркістандық ерікті түрде егілді. Түркістан облысына отандық «QazVac» вакцинасының 2000 дозасы жеткізілді. Жоспарға сәйкес жыл соңна дейін 200 мыңға жуық «Спутник-V» және «QazVac» отандық вакцинамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жалпы 660 мың адам ПТР тест тапсырған.