ТҮРКІСТАН: Жедел-жәрдем қызметін шақырушылар саны азайды

0
790

Тәулігіне 3000 шақырту түсіп отырған.


ТҮРКІСТАН: Жедел-жәрдем қызметін шақырушылар саны азайды

Түркістан облысында тұмау және өкпе қабынуы белгілерімен жедел-жәрдем қызметін шақырту саны азайды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы бойынша маусым айында медициналық жедел-жәрдем шақырту орталығына тәулігіне орта есеппен 3000- ға жуық қоңырау түсіп отырған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш 1800-ге азайған. Шақыртудың басым бөлігі егде және орта жастағы науқастардың дене қызуы көтерілуі және өкпе қабынуы бойынша. Мәселен, облыс бойынша ЖРВИ-мен 150-ге жуық, пневмониямен 120 және коронавирус инфекциясы белгілерімен 15-ке жуық шақырту түсуде.

Тиісінше облыстық медициналық жедел-жәрдем станциясының Call-орталығына қоңырау шалу кезінде дене қызуы көтерілген және өкпе қабыну ауруымен ауырған немесе Covid 19 бойынша сұрақтарға 1 дәрігерлік, 2 орта буынды кеңес беру қызметі ұйымдастырылған. Мамандар науқастарға медициналық кеңес беру тұрғысында толық-қанды жұмыс жасап келеді.

Сондай-ақ, науқастар жағдайына қарай ауруханаларға шұғыл тасымалданып, ем қабылдауда. Облыстық жедел медициналық жәрдем беру станциясында тәулігіне 124 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде Түркістан қаласы бойынша 16 жедел жәрдем бригадасы тұрғындарға қызмет көрсетіп жатыр.

"Шақырту бригадаларында 372 дәрігер және фельдшер мамандары жұмылдырылған. Оның ішінде Түркістан қаласы бойынша 32 дәрігер және фельдшер,16 жүргізуші жұмыс жасайды. Қосымша облысқа қарасты аудан, қала бекеттерінде де тәулік бойы диспетчерлер қызмет көрсетуде. Жедел-жәрдем көліктері қосымша 75 дана өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтылған. Бұл індетпен күресте бар күшімізді жұмсап, әр науқастың өміріне араша болуға дайынбыз", - дейді Түркістан облысы медициналық жедел-жәрдем стансасының бас дәрігері Дәулет Мұсаев.

Жедел-жәрдем қызметі басшысының айтуынша, аймақта барлық медицина қызметкерлері қорғаныш киімдерімен және медициналық жәрдемге қарасты бөлімшелер мен бекеттер дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген.