ТҮРКІСТАН: "Желтоқсаншыларға" арнайы марапаттар тапсырылды

0
600

Биыл бұл оқиғаның өткеніне 35 жыл толып отыр.


ТҮРКІСТАН:

Түркістанда "Желтоқсан" оқиғасының 35 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті. Аталмыш жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева, облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов және өңірдегі Желтоқсан оқиғасына қатысушы азаматтар қатысты.


«Тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды белестердің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Биыл бұл оқиғаның өткеніне 35 жыл толып отыр. Егемендікке жетсек деген бабалар арманын ұран етіп, кеңестік кезеңнің кертартпа саясатына қарсы бас көтерген қазақ жастарының ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Сол кездері алаңға шыққан қазақ жастарының көксегені – жеке бастың емес, күллі Қазақсың ғасырлар бойғы арманына жеткізу болатын. Елбасы Жарлығымен Түркістан облысының құрылып, рухани шаһарға облыс орталығы мәртебесінің берілуі де – сол боздақтарымыздың асқақ рухымен жеткен Тәуелсіздіктің айтарлық бір жемісі», - деп жиынды ашып берген облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Желтоқсан қаһармандарына ерен ерліктері үшін айрықша алғысын білдірді. Іс-шара барысында дүниеден өткен Желтоқсан құрбандарына арнап құран бағышталып, арнайы бейнефильм жұрт назарына ұсынылды.


Сонымен қатар жиында бірқатар азаматқа «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі мен облыс әкімі орынбасарының, облыстық мәслихат пен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының алғыс хаттары табысталды.


Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда облыс бойынша Желтоқсан оқиғасына 244 жерлесіміздің қатысқаны жайлы мәлімет нақтыланған. Оларға түрлі мемлекеттік марапаттар тапсырылып, мемлекеттік қолдаулар көрсетілді. Олардың ішінде аз қамтамасыз етілген желтоқсаншылардың отбасыларына біреттік әлеуметтік көмек көрсетіліп, шипажайларға жолдамалар берілді.


Сондай-ақ Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың есімін ел арасына таныстыру мақсатында жергілікті БАҚ-та кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілген.