​ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 37 млрд теңгеге жуықтаған

0
790

Бұл жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемі 211,9 мың теңгеге жеткенін көрсетеді.


​ТҮРКІСТАН: Жетісай ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 37 млрд теңгеге жуықтаған

Түркістан облысы Жетісай ауданының бюжеттік кірісі осы жылдың 9 айында 1 млрд. 441 млн. теңгеге жетіп, жоспар 107,9 пайызға орындалған. Ал, бюджеттің шығыс бөлігі 30 млрд. 9 млн. теңгені құрап жоспар 99,9 пайызға жеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінге дейін ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 36 млрд. 910 млн. 800 мың теңгені құраған. Бұл жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемі 211,9 мың теңгеге жеткенін көрсетеді.

«Ауданның өнеркәсіп саласындағы табыс көлемі 6 млрд. 117 млн. 700 мың теңгеге, ал өңдеу өнеркәсiбi жетістігі 2 млрд. 961 млн. 862 мың теңгеге жетті. Сондай-ақ, инвестиция көлемі 4 млрд. 458 млн. 800 мың теңгені құрап отыр. Бөлшек сауда көлемі 8 млрд. 945 млн. 100 мың теңгені құрап, жоспар 88,9 пайызға орындалды», – деді аудан әкімі.

Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 15 029-ға жетіп, оларда 21,3 мың адам жұмыспен қамтылған. Аталған салада өндірілген өнім көлемі 21 млрд. 800 млн. теңгені құраған. Есепті кезеңде 247 шағын және орта бизнес өкілдеріне қаржы ұйымдары арқылы жалпы сомасы 589 млн. 500 мың теңге көлемінде несие берілген.

Сондай-ақ, ауданда биыл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 17 млрд. 448,3 млн. теңгеге жеткен. Оның 10 млрд. 666,8 млн. теңгесі мал шаруашылығы, 6 млрд. 775,5 млн. теңге егін шаруашылығына тиесілі. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 984,1 млн. теңгеге артық өндірілген.