ТҮРКІСТАН: Жетісайда айына 3 тонна сабын шағаратын цех іске қосылды

0
2 636

Жетісайлық кәсіпкер тұтынушыларын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда айына 3 тонна сабын шағаратын цех іске қосылды

Түркістан облысы, Жетісай ауданында жеке кәсіпкер кір сабын шығара бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл істі Эльмира Жалтеева биылғы жылдың қаңтар айында қолға алыпты. Бүгінде жеке кәсіпкер Жетісай және Мақтаарал аудандарының тұтынушыларын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта Шардара, Келес, Сарыағаш аудандарынан да тапсырыс қабылдауға әрекет етуде. Өйткені жетісайлық кір сабынның құны арзан. Нақтырақ айтсақ, бір данасы – 80-85 теңгеден сатылуда.

"Бір күні жұбайыма сабын шығару туралы пікірімді айттым. Жұбайым интернеттің тілін жақсы меңгерген жан. Ол ғаламтордағы ақпараттарды жан-жақты көріп шыққаннан кейін, менің бұл ойымды жүзеге асыруға болатынын айтты. Осылайша жолдасым да осы саланың қызығына берілді. Тілмен айтқан оңай болғанымен, оны іске асыру қиын. Қай кәсіпті бастасаң да қаражат қажет. Алайда, жұбайым мұның да шешімін тапты. Ол өзінің жеке көлігін сатып жіберді де, сол қаржыға сабын шығаратын кішігірім қол аппаратын сатып алдық",- дейді Эльмира Жалтеева.

Еліміз бойынша кір сабын аппаратын жасап шығаратын екі шебер бар екен, соның бірі – Түркістанда тұрады. Сол кісіні арнайы іздеп барған ерлі-зайыптылар ұстаның қолынан шыққан шағын аппаратты сатып алыпты. Шебер оларға аппаратты қолдану ережелерін, сабынның құрамы мен оның қалай жасалатынын тәптіштеп түсіндіріп беріпті. Міне, содан бері олар тірлігін дөңгелетіп келеді.

Сабынға қажетті шикізат ретінде кәдімгі тағам пісіретін ақ майды пайдаланылады екен. Жергілікті жердегі кафе-мейрамханалардан мұндай шикізат көптеп шығатынын ескерсек, шикізат тапшылығы сезілмейді. Қазіргі таңда кәсіпкер мұндай шикізаттарды Алматы, Шымкент қалаларынан да тасымалдап жатыр. Сондай-ақ, Жетісай қаласындағы бірнеше мейрамхана мен шаурма дайындайтын орталықтардан да май сатып алады екен. Алдағы уақытта бұл кәсіпорын таза мақта майын да шикізат ретінде пайдаланбақ ниетте.

Шағын цехта бүгінде 2 адам жұмыс істейді. Бір айда шамамен 2-3 тонна сабын шығарылуда. Келешекте Эльмира Жалтеева кәсібінің өрісін кеңейтіп, сусабын, гель шығару ісін де қолға алғалы отыр.