ТҮРКІСТАН: Жетісайда шағын цехтар көбейіп келеді

0
1 602

Түркістан облысында экономиканың негізгі қозғаушы күші – кіші және орта кәсіпкерлік.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда шағын цехтар көбейіп келеді

Түркістан облысында кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытына басымдық берілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында экономиканың негізгі қозғаушы күші – кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытына басымдық берілуде. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың нәтижесінде ауданда өз ісін дамытумен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған азаматтардың саны артты. Бірі кәсібін енді ашса, бірі кәсібін кеңейту бағытында жұмыстар атқаруда. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов бірқатар кәсіпкердің жұмысымен танысып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.


Ең алдымен, Жаңа ауыл ауылдық округінде орналасқан «Тоқыма емес мата өндірісі» цехында болып, алғашқы шыққан өнімдерімен танысты. Жоба құны – 350 млн. теңге. Цех тәулігіне 5 мың метр тоқыма емес мата өндіруге қауқарлы. Мұнда 8 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұған дейін ауданда мұндай кәсіпорын болмаған. Бұл – алғашқысы. Бүгінде маман тапшылығына байланысты көршілес Өзбекстан елінен арнайы мамандарды шақыртып, технологияны оқыту және үйрену бойынша келіссөздер жүргізілуде. Кәсіпкер мемлекеттен жеңілдетілген пайызбен 65 млн. теңге несие алған. Цех басшысы Әбдісаттар Қолдасов қосымша мақта зауыттарына қажетті сымтемір шығаруды да қолға алып, бірнеше зауытпен келіссөздер жасағанын жеткізді.


Сондай-ақ аудан басшысы Жетісай қаласындағы «КазИнновацияЛидер» ЖШС-де болды. Ержан Сламбаев басшылық ететін шағын цех 2014 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында берілген 20 млн. теңгеге ашылған. Өндіріс орны синтепон өндірумен, жиһаздар жасаумен айналысады. Мұнда 18 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бүгінде шағын цех өнімдері арнайы тапсырыспен еліміздің солтүстік және батыс өңірлеріне, Алматы және Түркістан қалаларына жіберіледі. Кәсіпкер шикізат тапшылығы болмаса цех тәулігіне 1,5 мың метр синтепон шығаруға қауқарлы екенін айтып өтті.


Аудан басшысы кәсіпкерлердің жұмысымен танысып, ұсыныстары бойынша қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Шикізат және білікті маман тапшылығының алдын алуға, қосымша қаржыландыру тетіктерін қарастыру және дайын өнімдерді өткізу бойынша көмектер қарастырылатын болады.