ТҮРКІСТАН: Жетісайлық диқан италияндық әдіспен өнім көлемін арттырып жатыр

0
532

Бұл егістік жердің құнарын сақтаудың да тиімді жолы болмақ.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық диқан италияндық әдіспен өнім көлемін арттырып жатыр

Жетісай тұрғыны италияндық әдіспен өнім көлемін арттырып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданында 2014 жылы бастау алған ауыл шаруашылығы егістік алқаптарын әртараптандыру ісі бүгінде өз нәтижесін беріп жатыр. Әртараптандырудың мақсаты – егіс алқаптарындағы мақталық гектарды азайтып, оның орынына өнімі мен табысы мол бау-бақша дақылын егуді көбейту. Яғни, қауын-қарбыз, дәндік жүгері, жоңышқа және көп жылдық алма-жүзім.


Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов бау-бақша өсірумен айналысатын бірнеше шаруа қожалығында болып, жұмыстарымен танысты. Солардың бірі - Ж.Ералиев ауылдық округінде орналасқан «Аботя» шаруа қожалығы.


Алғаш рет осыдан 9 жыл бұрын 20 гектар алқапқа бау көшеттерін отырғызған. Оның 7 гектары Италияның «Гренни-Смит», «Гала» және «Голден Дилешес» сортты алма болса, 11 гектары «Султанина», «Мускат-Александриский» сортты жүзімдері. Италия елінің «Витафрут» компаниясымен келісім-шарт жасасқан шаруа қожалық мамандары көшеттерді күтіп-баптаудың да қыр-сырын сол жақтан үйреніп келген. Жас та болса Израиль елінен тәжірибе жинақтап келген шаруа қожалық иесі Сұлтан Жолдасбаев енді өз білгенін аудан дихандарымен де бөлісіп келеді.


«Италияндық көшеттер отырғызылған күннен бастап есептегенде 1 жылдан кейін-ақ өнім бере бастайды. Алма мен жүзімнен шілденің ортасынан бастап қарашаға дейін өнім аламыз. Аудандағы баумен айналысқысы келетін шаруа-дихандар тарапынан негізінен көшеттерді отырғызу, оны күтіп-баптау, суғару сынды табысты, мол өнімге қол жеткізу жолындағы мақсатты жұмыстардың реті жайындағы сұрақтар көп қойылады. Еңбек етіп, дұрыс күтіп-баптай білсек кез келген дақыл жақсы өнім береді», - дейді қожалық төрағасы Сұлтан Ерболұлы.


Қожалықтың тағы бір ерекшелігі – ағын су тапшылығының алдын алу, үнемдеу мақсатында 20 гектар жерге түгелдей тамшылатып суғару әдісін енгізген. Алдағы уақытта шикізатты өңдеп, алма, жүзім шырынын жасап, алма қақтарын сауда нарығына шығару жоспарлары бар екен.


Негізгі өнімі ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты ауданда халықтың еңбек ете отырып әлеуетін арттыруларына осылайша жағдайлар жасалуда. Тіптен, ауданда егістік алқаптарын әртараптандырып, ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісін қолдану бағытында, аудан әкімдігі тарапынан бау-бақша егудің тиімділігі, өндірілген бау-бақша өнімдерін сақтау, сату жолдарын кеңінен түсіндіру мақсатында да жұмыстар аз атқарылып жатқан жоқ. Өйткені, әртараптандыруды жолға қою өз кезегінде мол табыс көзі ғана емес, егістік жердің құнарын сақтаудың да тиімді жолы болмақ.