ТҮРКІСТАН: Жетісайлық мұғалімдер марапатталды

0
462

Эстрада жұлдыздары мерекелік тарту жасады.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық мұғалімдер марапатталды

Жетісайлықтар ең қадірлі, ең мерейлі мамандық иелерінің мерекесін жоғары дәрежеде атап өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында өткен салтанатты шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділхан Асауов, аудандық мәслихат депутаттары Марат Қалдыбаев пен Гүлмира Саржанова, Көбейбек Әлиев, Мұхтар Тәңірбергенов, Ғазиза Шүкірбаева, Гүлжан Убайдина мен ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен педагогика саласында жоғары жетістіктерге жетіп жүрген мұғалімдер қатысты.


«Сіздердің мерекелеріңіз әлемдегі ең қадірлі, ең мерейлі мамандық иелерінің мерекесі. Сіздер елді өркендету мен өркениетін көтеретін білімді және білікті мамандардың негізін қалайсыздар. Мемлекет басшысы 1 қыркүйек 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында білім саласын одан әрі дамытуға, оқыту сапасын арттыруға ерекше назар аударылған. Бұл білім саласына және оның қызметкерлеріне деген қамқорлығы деп санаймын. Жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың барлығы мұғалімдердің кәсіби шеберлігін дамытуға, әлеуметтік жағынан қорғауды арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың «Бала оқытуды жақсы білемін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білуі керек» деген тұжырымында шығармашыл әрі ізденімпаз адам, яғни, педагог – білімді де білікті шәкірт дайындай алады делінген. Баланың болашағы, оқуда қандай жетістікке жететіні, өмірде қаншалықты табысты, іскер болатыны тікелей тәлімгерге байланысты. Сондықтан, әрбір шəкірт өз ұстазымен мақтанары анық», - деген аудан әкімінің орынбасары ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады.


Салтанатты құттықтаудан соң шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие мен адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда қасиетті тұлға ретінде ерекшеленетін, білім көшін алға жылжытып, жоғары жетістіктерге жетіп жүрген ұстаздар қауымы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі мен Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық және Жетісай аудандық филиалдарының, аудандық мәслихат хатшысы мен Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиевтің алғыс хаттарымен, Министрліктің арнайы төсбелгілерімен марапатталды. Көрермендер залында отырған ардагер ұстаздарға мерекелік гүлдер табысталды.


Жетісайлық ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтай келген қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Жұбаныш Жексенұлы, Асан Пердеш пен Мөлдір Бақытжанқызы әуезді әннен шашу шашса, қазақ сатирасының тарландары Уәлибек Әбдірайымов пен Жүсіп Ақшора бастаған «Шаншар» әзіл-сқақ театрының әртістері күлкіден қуырдақ қуырды.