ТҮРКІСТАН: Жетісайлық полицейлер суға кеткен баланы құтқарып қалды (видео)

0
3 740

12 жасар баланы аман алып қалу үшін полицей суға бірден сүңгіп кеткен.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық полицейлер суға кеткен баланы құтқарып қалды (видео)

Жетісай ауданында полиция қызметкерлері суға ағып бара жатқан баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Ақпанның 2-сі күні сағат 16.50-де Жетісай аудандық полиция бөлімінің кезекшілеріне баланың суға ағып бара жатқаны туралы хабарлама кеп түскен. Оқиға орнына 3 минутта жедел жеткен тәртіп сақшылары ағысы қатты суға ағып бара жатқан жасөспірімді құтқарып қалу үшін жанталасады. Жетісай аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы, полиция капитаны Нұрымбетов Марат Рахметұлы бірден суға сүңгіп кетеді. Минуттар емес секундтар өлшеулі шақта Марат Рахметұлы қыстың қытымыр аязына қарамастан суға түсіп, 12 жасар баланы құтқарып қалды.


Құтқарылған баланы тәртіп сақшылары бірден қызметтік көлікке салып, Жетісай аудандық орталық ауруханасына жетем дегенше алғашқы медициналық көмектерін көрсеткен. Бала су жұтып қойғандықтан, оның кеудесінен, суық судан мұздап қалған денесін уқалап көмектерін көрсеткен. Қазір баланың денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Алғашқыда жансақтау бөліміне жатқызылған еді, қазіргі уақытта палатаға ауыстырылған.
Өз кезегінде ерлік жасаған полицейге жасөспірімнің ата-анасы шынайы алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіруде.
« Бар ойымыз - баланы аман алып қалу болды. Каналдағы су көтеріліп, арнасы толып тұрған болатын. Жеткен кезде көліктен шығып, киімімді шештім де, суға сүңгіп кеттім. Баланың ағып бара жатқан жағына қарай алдынан шығып ұстап қалу үшін, барымды салып жүзе бастадым. Осылайша баланы құтқардым. Бастысы, бала аман!», - дейді батыр полицей.