ТҮРКІСТАН: Жетісайлық шаруа 100 адамды жұмыспен қамтып отыр

0
976

Жұмысшыларға 200 мың теңгеге дейін қаражат төлеп отыр.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық шаруа 100 адамды жұмыспен қамтып отыр

Жетісайлық шаруа әр науқан сайын 100 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жетісай ауданы Мақталы ауылдық округіне қарасты "Жайлаукөл" елді мекенінің тұрғыны "С Тастан Ата" шаруа қожалығының төрағасы Мұсаев Сафиддин Тастанұлы науқан сайын 100 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Мұсаев Сафиддиннің иелігінде 14 гектар егістік жері, 20 бас асыл тұқымды жылқысы, бір мезетте 80 бас малды бордақылай алатын қора жайы бар.

"Еңбекке ерте араластым, ата-анам шаруа кісілер болды. Таңның атысы мал бағуға кететінбіз. Оның үстіне кішкентай күнімнен мал шаруашылығына қызығып өстім. Өскенде өзімнің мал фермам болады деп армандаушы едім. Мінекей бүгін елімізде жүргізіліп жатқан шаруаларды қолдауға арналған бағдармалардың арқасында осындай күнге жеттім. Одан бөлек 20 бас асыл тұқымды жылқыларыма қарайтын адамдарыма 200 мың теңгеге дейін қаражат беремін. Бұл жерде жұмыс жасайтын адамдардың көбісі өзімнің ауылымның тұрғындары. Сондықтан да бір теңге болса да елде қалғаны дұрыс",- дейді Сафиддин ақсақал.

Қазіргі таңда "С Тастан Ата" шаруа қожалығы бір жерден екі рет өнім алуды мықтап қолға алған. Ерте көктемде жеріне қырыққабат ексе, оны жинап алған соң орнына күздік дақылдар мақта мен картоп егеді. Осы жұмыс кезінде аталмыш шаруа қожалықта 100 ге жуық адам қызмет етеді екен. Арасында қайырымдылық іс-шараларға белсенді қатысып тұратын Сафиддин ақсақал, елдегі азаматтарды елдің көркеюі үшін тынбай еңбек етуге және ауызбіршілікте болуға шақырды.