ТҮРКІСТАН: Жетісайлық түлектердің 200-ге жуығы «Алтын белгіге» үміткер

0
476

Жетісайда 3000-нан астам оқушы мектеп бітірді.


ТҮРКІСТАН: Жетісайлық түлектердің 200-ге жуығы «Алтын белгіге» үміткер

Жетісай ауданындағы мектептерде соңғы қоңырау соғылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін еліміздің барлық өңірлеріндегідей Жетісай мектептерінде де соңғы қоңырау соғылды. Салтанатты шараға орай Жетісай ауданының әкімі Мұрат Болатұлы мен ауданның бас ұстазы Тұрсын Мырзалиев Абай ауылдық округі, Отан елді мекенінде орналасқан №73 жалпы орта мектебінде болып, мектеп бітіруші түлектерді құттықтады. Мектеп ауласына шырша көшетін отырғызды.


Бүгінде аталмыш білім ұясында білім алып жатқан 540 оқушының 71-і биылғы оқу жылында үздік нәтиже көрсеткендер болса, 47-сі бітіруші түлектер, 52-сі негізгі орта білімді тәмамдағандар. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқалы тұрған 2 түлек «Алтын белгіге», 1 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер.


Мектеп басшысы Нұрмұхамед Түйебаевтың айтуынша 2021 – 2022 оқу жылында 41 оқушы 1 сыныпта білім алса, келесі оқу жылында тағы сонша бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарлануда.


«Мектеп – адамзатты тәрбиелеуші алғашқы орта. Талай-талай ғалымды да, ақынды да үлкен өмір сахнасына тәрбиелеп, қанаттандырып ұшырған алтын ұямен қоштасу кімге де болса оңай тимесі анық. Сіздер үлкен өмірге қанат қаққалы тұрсыздар, баршаңызға сәттілік тілеймін! Алған білімдеріңізді ары қарай шыңдап, еліміздің өркердеуіне еңбек етіңіздер! Болашақ сіздердікі, сондықтан, біз елімізді сенімді қолға тапсырып жатқанымызбен мақтанатын, марқаятын болайық!», - деді аудан басшысы.


Қай кезде болмасын ұстаздар еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің білімімен бағаланатынын, сапалы білім мен саналы тәрбиенің – бұл бүгінгі заманның талабы екенін қоса айтқан Мұрат Болатұлы өткен оқу жылында түрлі жетістіктерге жеткен ұстаздар мен оқушыларды марапаттап, сый-сияпат жасады.


Салтанатты шарадан соң аудан басшысы мектепті аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. 2021 жылдың басында қолданысқа берілген 300 орындық аталмыш мектепте 28 сынып комплектісі бар. Оқушылардың теориялық білімдері мен тәжірибелерін ұштастыра білулері үшін арнайы физика, химия, биология, информатика, ағылшын тілі кабинеттері мультимедиялық құрылғылармен жабдықталып, мектепте кітапхана, спортзал, ұлдар және қыздар шеберханасы, асхана қарастырылған.


Айта кетейік, жалпы биылғы оқу жылында аудандағы 72 жалпы орта мектептен қанат қаққан 3114 түлектің 187-і «Алтын белгіге», ал, 242-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Сонымен қатар, аудан мектептерінде 9 сыныпты тәмамдаған 3976 оқушының 438-і «Үздік аттестат» иегері. 1 сыныпты 4435 оқушы бітірсе, жаңа оқу жылында 3363 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды деп күтілуде.