ТҮРКІСТАН: «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» спортшылары 30-ға жуық жүлде еншіледі

0
914

Мәсеуде желтоқсан айында өтетін Әлем кубогына 6 спортшы аттанбақ.


ТҮРКІСТАН: «Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» спортшылары 30-ға жуық жүлде еншіледі

Түркістанда «Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» құрылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда «Олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ-нің құрылғанына 5 айға жуықтады. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекеменің Халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстардағы нәтижесі көңіл қуантарлық. Спорт мектебі сайыпқырандарының еншісінде 4 алтын, 13 күміс, 9 қола медаль. Мекеме директоры Самат Рысбековтің айтуынша, жыл соңына дейін өтетін додаларда көрсеткіш саны еселене түсетіні анық.


Қоржынға алғашқы медальды самбо күресінен Перизат Жақыпбекова салды. Беларусь Президентінің жүлдесі сарапқа салынған Халықаралық турнирде самбошы қыз күміс жүлдеге қол жеткізді. Жеңісті жолды балуан Абдувақаб Әлиқожаев жалғап, ол Татарстан Республикасы президенті кубогінің қола жүлдегері атанды.


«Жоғары спорт шеберлігі мектебі құрамына - қазақ күресі, белбеу күресі, джиу-джитсу, жауынгерлік аралас бірлестігі (ММА), жекпе-жек, кикбоксинг, самбо және әскери самбо, ушу санда, муайтай, каратэ, панкратион, грэпплинг, таеквондо ITF, пенчак силат, әмбебап жекпе-жек, қоян-қолтық ұрысы, армрестлинг, гір көтеру, пауэрлифтинг спорт түрлері енген. Спорт мектебінде 300-ге жуық спортшы бар. Жауынгерлер үшін арнайы спорттық киім-кешекке тапсырыс бердік. Жуық арада үлестіріледі деп жоспарлануда», - деді Самат Әкімбекұлы.


Қазіргі таңда Украинаның Харьков қаласында панкратионнан өтетін Әлем чемпионатына 3 спортшы қатысуда. Каратэ шотоканнан Ресей астанасы Мәсеуде желтоқсан айында өтетін Әлем кубогына 6 спортшы аттанбақ.