ТҮРКІСТАН: Жыл соңына дейін 240 пәндік кабинет жасақталады

0
219

Адам капиталын дамыту, білім саласында жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану және өзге де мәселелер талқыланды.


ТҮРКІСТАН: Жыл соңына дейін 240 пәндік кабинет жасақталады

Түркістанда профессорлар мен білікті спикерлер адам капиталын дамыту жөнінде пікір алмасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда бизнес және туризм өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумында «Білім беруді және адами капиталды дамыту жөнінде» панельдік сессиясы өтті. Онда спикерлер адам капиталын дамыту, білім саласында жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану және өзге де мәселелер талқыланды.


Келелі кеңеске 12 спикер қатысты. Олар – білім саласына еңбегі сіңген тұлғалар мен бірқатар жоғары оқу орындарының проректорлары. Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев білім саласына қатысты баяндама жасады.


«Бүгінгі халықаралық форумының «Білім беруді және адами капиталды дамыту жөніндегі» панельдік сессиясында талқыланатын мәселелер мен ортаға салынатын пікірлер өңірдегі білім саласының дамуына өзіндік үлесін қосады деп санаймын. Түркістан облысында жалпы 1029 мектепте 908 мемлекеттік, 121 жекеменшік және 515 мыңнан астам оқушы білім алады. Облыс халқының 38%-ы – балалар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы біздің облыста. Бұл – республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Облыста білім саласына қолдау көрсетілуде. Қазір жалпы 96 мектептің құрылысы жүргізілуде. Біз мектеп салумен ғана шектелмей, ұстаздардың білімін арттыруға күш салудамыз. Осы мақсатта 100-ге жуық мұғалімді Жапония, Оңтүстік Корея елдеріне оқу-тәжірибелік семинардан, 50 мұғалімді «Болашақ» стипендиясымен өзге шет елдерде тәжірибеден өткізу жоспарланған. Бүгінде мұғалімдердің алдыңғы легі Жапонияда арнайы тәжірибеден өтті. Бүгінгі мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен әлеуетті инвесторлардың басын біріктірген кездесулер мен келісімдер Түркістанға тың серпін береді. Жаңғыру жолындағы Түркістан өзіндік даму бағыты бар білім орталығына айналады деп сенемін», – деді Бейсен Тәжібаев.


Жиында Түркиядан, Қазақстаннан келген білікті оқытушылар, профессорлар, жоғары оқу орындарының ректорлары мазмұнды баяндамалар жасап, білім саласын дамытуға қатысты пікірлерін, ұсыныстарын айтты. Атап айтсақ, PhD докторы, Кочман университетінің профессоры Мугла Сытки (Түркия), Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының академиялық жұмыс жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының кандидаты А.Қадырова, Ташкент мемлекеттік шығыстану университетінің PhD докторы А.Кодиржанов және өзге де спикерлер мазмұнды ойларын ортаға салды.


Шағын мектептерді қоспағанда (олар 82 мектеп) облыстағы 826 мектеп 2 201 арнайы пән кабинеттерімен қамтылған. Оның ішінде: 1 256-сі – жаңа модификацияланған пәндік кабинеттер. Жоспарға сәйкес, 2023 жылдың соңына дейін 240 пәндік кабинет жасақталады.


Түркістан облысы әкімдігі осы мақсатта жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Білім беру және адами капиталды дамыту бағытында да көптеген жобалар атқарылып, өңірдің білім саласын арттыру бағытында кешенді жұмыстар қолға алынған.