ТҮРКІСТАН: Жылыжайдан алынатын өнім шығынды өтемейді

0
547

Үй құстары азығының шығыны базарға бағытталған өнімнің құнын ақтамайды.


ТҮРКІСТАН: Жылыжайдан алынатын өнім шығынды өтемейді

Түркістан облысында Министрдің қатысуымен жылыжай мен құс шаруашылығының мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Ордабасы ауданында орналасқан “Аделя” шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ аталған агро кешенде жылыжайлардың коммуналдық шығындарын субсидиялау мәселесін талқылау мақсатында жылыжай шаруашылығының жауаптыларымен кездесті.


Келелі кездесуге министрмен қатар Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев, Ордабасы ауданының әкімі Бағлан Батыршаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов және шаруа қожалық басшылары қатысты.


Жиынның күн тәртібінде жылыжай шаруашылығын дамытудағы түрлі кедергілер талқыланып, жергілікті кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын ортаға салды. Мәселен, Түркістан облысында 1467.4 гектарды құрайтын 3366 жылыжайдың республикадағы үлесі 71 пайызды құрағанмен алынатын өнімнің өзіндік құны кеткен шығынды өтемей отыр. Шаруалардың арқасына батқан осы бір ауыртпалықтан құтылудың жолы мемлекеттік қолдау екендігін айтқан жылыжай шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Мырзахмет Сынабаевтың айтуынша жылыжайды жылытуға қажетті қуат көздері тарифінің қымбат болуы, арзандатылған отандық тыңайытқыштардың шаруашылыққа аз бөлінуі, көрші елдерден келетін көкөніс өнімдерінің ел нарығына кедергісіз еніп, дайын өнімнің құнын төмендетуі сынды мәселелер жерден жеміс жеген, жыл он екі ай еңбек ететін шаруалардың әлеуетін арттыруға кедергі болуда. Сала министрімен өткен кездесуде шаруалар күрделі мәселені айтып ғана қоймай өз талап-тілектерін де кеңес талқысына салды.


Шаруалардың уәжі бойынша отандық өнім өндірушілерді қолдау үшін жылыжайларға қолданатын қуат көздерін 50 пайызға дейін субсидиялау, шетелден, көрші елдерден ішкі нарыққа кіретін көкөніс, бақша өнімдеріне салынатын салықтың көлемін ұлғайту қажет. Сондай-ақ, жылыжай кешеніне берілген несиені төлеу мерзімін ұзарту, коммуналдық төлемдер көлемін күндізгі және түнгі мерзімге бөліп төлеу тетіктерін реттегенде ғана шаруаның табысы артып, өндіріс көлемі ұлғаймақ.


Алқалы жиында еліміздегі құс шаруашылығының да бүгінгі жай-күйі талқы таразысына түсті. Өңірдегі ірілі-ұсақты кәсіпорын басшылары Ербол Шырақбайұлына құс шаруашылығына кажетті жемдік дақыл түріне субсидия алу жайын баяндады. Кәсіпкерлердің сөзіне сүйенсек, үй құстарының азығының өзіне кеткен шығын базарға бағытталған өнімнің құнын ақтауға жетпей қалуда. Салдарынан құс еті мен жұмыртқа өндірісінде көшбасшы кәсіпорындардың өзі өндіріс орындарының жұмысын жалғастыруға алаңдаулы екендігін жасырмады.


Өз кезегінде шаруа қожалық басшылары мен кәсіпкерлердің талап-тілектерін мұқият тыңдаған сала министрі мәселені арнайы жұмысшы топ құрып, шешу жолдарын қарастыратындығын жеткізді.


«Бұл мәселе бір ғана министрлікпен шектеліп қалмайды. Біз екі апта ішінде түрлі министрліктер, қаржылық ұйымдар мен жеңілдетілген несие беру мекемелері, кедендік бақылау органдарымен, жергілікті әкімдік және кәсіпорын өкілдерінен құралған арнайы жұмысшы топ арқылы талқылап, реттейтін боламыз», — деді Ербол Қарашөкеев.