Түркістанда 23:00-ден кейін тойханалар жабылады

0
1 787

Түркістанда тойханалар мен дәмханалардың саны 100-ден асады. Солардың 40 пайызында қылмыстың көп болатыны анықталыпты.


Түркістанда 23:00-ден кейін тойханалар жабылады

ERNUR.KZ. Түркістанда тойханалар мен дәмханалардың түнгі 11-ден кейін жұмыс істеуіне тыйым салынады, деп жазады 24.kz.

Бұл - шаһардағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу үшін қолға алынған шара. Қала әкімі Әліпбек Өсербаев шаһардағы ойын-сауық орындары мен мейрамханалардың басшыларын жинап, арнайы ескерту жасады.

Мақсұт Рысметовтың дәмхана ашып, іс бастағанына көп бола қойған жоқ. Бұған дейін түрлі саланың құлағын ұстап көрген жігіт ағасы өткен жылы ғана жаңа кәсіпті бастаған екен. Бүгінгі ескерту оның құлағына ерсі естілді. Өйткені «бұл шектеу шаһардағы кәсіпкерлікке әжептеуір кедергі келтіреді» деп есептейді ол. Сол үшін жаз мезгілінде аталған уақытты ұзартса деген өтінішін жеткізді.

Мақсұт Рысметов, кәсіпкер:

- Жаз айында қайта қарастыру керек. Өйткені 9-10-да күн батады. Адамдар, әсіресе Түркістанның халқы 8 сағат жұмыс істемейді ғой. 9-10 дейін кешкі салқынмен жұмыс істейді.

Ал Мұхаббат Ибрагимованың Мақсұтқа қарағанда бұл саладағы тәжірибесі мол. Оның дәмхана, мейрамхана ашып, қонақ үй бизнесін жүргізіп келе жатқанына 18 жыл бопты. Көпті көрген келіншек «қала әкімінің шаһардағы тынышты сақтап, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ойын-сауық орталықтарын кешкі сағат 23:00-ден кейін жабу керек» деген ұсынысын қолдап отыр. Өйткені мейрамханаға келетін мәдениетті қонақтар кешкі сағат 11-ге дейін тапсырыс беріп, көңіл көтеріп кетеді. «Ал одан кейін келгендер тек ішімдік ішу үшін ғана отырады», – дейді.

Мұхаббат Ибрагимова, кәсіпкер:

- Сағат 11-ден кейін отырған адам дәмхана иелерінің мазасын алады. Екіншіден, ол таңға дейін тентіреп жүргеннен кейін ертесіне жұмысқа да бара алмай қалады. Қаламызда тәртіпсіздікті көбейтеді. Қала әкімі ойлана келіп, осындай тура шешім шығарды деп ойлаймын.

Қолда бар мәліметке сүйенсек, өткен жылы Түркістанда болған 900-дей қылмыстың тең жартысынан көбі осы ойын-сауық орындарында тіркелген. Тіпті бір рет дәмхана қожайындарының өзі құқық қорғау қызметкерлеріне қол көтерген.

Бағлан Янкин, қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы:

- «Бек» дәмханасы учаскелік полиция инспекторының ескертпесіне қарамастан ұрып-соққан. Оған қатысты ҚР ҚК 378-379-баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жақында іс жинақталып, сотқа жолданады.

Айтып өтейік, Түркістанда тойханалар мен дәмханалардың саны 100-ден асады. Солардың 40 пайызында қылмыстың көп болатыны анықталыпты. Енді қалалық жергілікті полиция өкілдері кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп, арнайы рейд шараларын жүргізеді. Егер кешкі сағат 23:00-ден кейін ереже бұзып, жұмысын тоқтатпаған ойын-сауық орталықтары болса, иелеріне 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.