Түркістанда 5 мыңнан астам мәселе шешімін тапқан

0
441

6 сектор құрылып, кезек күттірмейтін мәселелер тұрғындармен бірге атқарылған жұмыстар нәтижесінде шешімін табуда.


Түркістанда 5 мыңнан астам мәселе шешімін тапқан

Түркістандағы «Халықтық кеңсе» биылғы жылдың 11 айында 66 мыңнан аса азаматқа қызмет көрсетсе, «1310» бірыңғай байланыс орталығына шілде айынан 5 жарым мыңнан астам тұрғын қоңырау шалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы құрылғалы бері бес жыл ішінде өңір орталығы адам танымастай өзгеріп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатыр. Соның ішінде жаңа әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтың негізі қаланып, шаһардың туристік маңызын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ашық әкімдік» жобасы бойынша қала әкімдігінің жанынан «Халықтық кеңсе» мен «1310» бірыңғай байланыс орталығы құрылып, тұрғындардың талап-тілегімен жұмыс істеп келеді. Оған қоса қала аумағында 6 сектор құрылып, кезек күттірмейтін мәселелер тұрғындармен бірге атқарылған жұмыстар нәтижесінде шешімін табуда. Атап өтсек, 2020 жылдан бастап жұмыс істеп тұрған «Халықтық кеңсе» биылғы жылдың 11 айында 66 мыңнан аса азаматқа қызмет көрсетсе, «1310» бірыңғай байланыс орталығына шілде айынан 5 жарым мыңнан астам тұрғын қоңырау шалып, мәселелердің 98,9 пайызы шешілген екен. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде баспасөз жиынын өткізген қала басшысы Нұрбол Тұрашбеков айтып берді.


Баспасөз жиынында белгілі болғандай, қала әкімі жыл басынан бері тұрғындармен жүзден аса кездесу өткізген. Нәтижесінде азаматтар 1078 мәселе көтеріп, оның 1008-і шешімін тапқан. Қалған мәселелерді шешуге қаржы қажет болғандықтан қаланың даму жоспарына енгізіліп, жүйелі түрде атқарылатын болған. Сонымен қатар, жыл басынан бері қала әкімінің жеке қабылдауына 200-ге тарта азамат келіп, тұрғынүй, инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік, жер және әлеуметтік салалар бойынша өз өтініштерін жеткізген екен. Сәйкесінше әкім 253 тапсырма беріп, оның 249-ы орындалса, төртеуі орындалу үстінде.