Түркістанда 50-ден астам тұрғын үй салынып жатыр

0
557

Ө.ШӨКЕЕВ: «Түркістан өңірінде инфрақұрылым саласы бойынша үлкен еңбек бар».


Түркістанда 50-ден астам тұрғын үй салынып жатыр

Түркістан облысында өткен аппарат отырысында бірнеше мәселе талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында бірнеше мәселе талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді. Облыс бюджетінің жай-күйі туралы баяндаған Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы А.Тасыбаевтың айтуынша, 1-наурызда жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдер 11,3 млрд. теңге көлемінде жоспарланса, нақты 21 млрд. теңге түсіп, жоспар 186,3%-ға немесе 9,7 млрд. теңгеге артығымен орындалды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда түсімдер 5,6 млрд. теңгеге артқан.


Аппарат отырысында Түркістан қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар да сөз болды. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтың мәлімдеуінше, 2022 жылы облыс орталығында 53 тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Жалпы аумағы 217,7 мың шаршы метр болатын 3432 пәтерді тапсыру жоспарланған. Ақпан айында 3 үйдің (169 пәтер, 10,6 мың ш.м.) қабылдау жұмыстары жүргізілген. Түркістан қаласындағы абономенттердің 90,2% табиғи газды пайдаланып отыр. Осының арқасында шаһардың экологиялық жағдайы анағұрлым жақсарған. Сонымен бірге қаланы көгалдандыру, жарықтандыру, жол төсеу, сумен қамту бағыттары бойынша айқын жұмыстар бар. Оны тұрғындар көріп, сезініп отыр.


Осы және өзге де мәселелер талқыланған жиынды түйіндеген Өмірзақ Шөкеев тұтас өңірді, Түркістан қаласын дамыту, инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылғанына тоқталды.


«Жалпы инфрақұрылым мәселесіне баса көңіл бөлу керек. Көп шаруа атқарылды. Инфрақұрылым – көзге көрінбейтін жұмыс. Бірақ қайбір қала болсын, оның маңызы өте зор. Халықтың өмір сапасының артуы осы инфрақұрылымға байланысты. Айталық, Түркістан қаласы газдандырылғандықтан қазір бұрынғыдай түтін жоқ. Екі жылда бір қала газдандырылды. Бұл – үлкен еңбек. Жол төсеу, көгалдандыру, сумен қамту бағытында да оң өзгерістер бар. Дегенмен жұмысты әлі де жандандыру қажет. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – міндетіміз», – деген Өмірзақ Шөкеев жауапты басшыларға тұрғындардың өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіре түсу және кірістерді арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.