Түркістанда әліппеге арналған көмекші оқу құралы таныстырылды

0
569

Нәтижесінде оқушылар көмекші кітаппен әліппені тереңдетіп оқи алады.


Түркістанда әліппеге арналған көмекші оқу құралы таныстырылды

Түркістанда «Әліппеге арналған әдістемелік-хрестоматиялық көмекші оқу құралының» таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында журналист, жазушы, «Алтын қалам» республикалық әдеби байқауының лауреаты Ділдәгүл Нұрмаханбеттің «Әліппеге арналған әдістемелік-хрестоматиялық көмекші оқу құралының» таныстырылымы өтті.


Алдымен көрмені тамашалаған көпшілік назарына бейне туынды ұсынылды. Шараға зиялы қауым өкілдері мен ұстаздар қатысып, автор мен оның кітабы жайлы пікірлерін білдірді. Жазушы Нұрдәулет Ақыш модератор болса, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мақсат Айтжан кешті тізгіндеді. Шара барысында әсем әндер шырқалып, оқушылар мен студенттер өлең оқыды. Аталған кітаптың тұсауы кесіліп, көпке жол тартты. Кешті облыстық кітапхана басшысы Жанат Шардарбекова қорытындылап, келген қонақтарға алғысын білдірді.


Жақында жарық көрген «Әліппенің» әдістемесіне авторы 7 жылын сарп еткен. Балалардың ең алғашқы танымдық кітабы саналатын кітапты зерттеп, бүгінде көпшілікке ұсынып отыр. Нәтижесінде оқушылар көмекші кітаппен әліппені тереңдетіп оқи алады. Ділдәгүл Нұрмаханбет өз кезегінде көп жылдық тәжірибесін жаңа оқулықта кеңінен қолданғанын, кітапты 12 рет талдау сараптау қызметінен өткізкенін атап өтті. Тіпті 7 рецензия жазған. Көрнекі құрал мұғалімге плакат формасында және балаларға жұмыс кітабы формасында дайындалған. Көмекші оқу құралында автор балалар ойын дамыту үшін ойындар мен логикалық сұрақтарды көбірек пайдаланған.