Түркістанда Бақытжан Әшірбаев атындағы көрме ашылды

0
560

«Еңбегі бар елге сіңген» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.


Түркістанда Бақытжан Әшірбаев атындағы көрме ашылды

Түркістанда көрнекті сәулетші Бақытжан Әшірбаев атындағы көрме ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында көрнекті сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бақытжан Әшірбаевтың 70 жылдығына арналған «Еңбегі бар елге сіңген» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатында Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері, Бақытжан Әшірбаевтың туыстары мен достары, журналистер және басқа да қонақтар қатысып, біртуар тұлға туралы естеліктер айтты.


«Бақытжан Әшірбаев – Шымкент пен Түркістанның архитектуралық кескін келбетін қайта түлеткен тұлға ғана емес, еліміздің нағыз патриоты, ұлт өнері мен мәдениетінің шынайы жанашыры ретінде көпшілік жадында мәңгілік қалды. Өз ісінің маманы, бүгінде арамызда болмаса да, еңбектері көз алдымызда. Сондай-ақ Бақытжан ағамыз мәдениеттің адамы деуге болады. Ол сырлы сазды әуендерді нақышына келтіре орындайтын әнші де болатын. Өнер мен шығармашылықта да зор жетістіктерге жеткен. Осындай шаралар болашақ жастарымыздың елімізге белгілі тұлғалардан өнеге алып, рухына құрмет көрсету арқылы жарқын болашаққа жол бастар білімді де білікті азамат болуына ықпал жасайды деп білемін», – деді Асылхан Темірханұлы.


Іс-шара мақсаты – Тәуелсіз еліміздің әрбір өңірінде өзінің сара жолымен, елге сіңірген еңбегімен өскелең ұрпаққа үлгі болатын тау тұлғалы азаматтарымызды дәріптеу.


Өз ісінің майталман маманы атанған Бақытжан Әшірбаев 1980 жылы КазССР Жоғары Кеңесі Президумының Құрмет грамотасымен, 2000 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған. 2012 жылы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері атанған ол, 2015 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Өңір мәдениетінің жаршысы «ЮГ» журналының жарық көруіне мұрындық болды. Сонымен бірге «ЮГ» киностудиясын құрды. Оның бірнеше өлеңдер жинағы жарық көрген. «Метаморфозы», «Созақ» және «Зима» деп аталатын құжатты фильмдердің авторы. Белгілі сәулетші көркем фотографиямен де шұғылданды. Еңбектерінің жиынтығын «Фотоморфозы» деген атпен кітап етіп жарыққа шығарды.


Көрмені қала тұрғындары мен қонақтары екі апта бойы тамашалай алады. Көрмеге белгілі сәулетшінің 150-ге жуық заттары қойылды. Атап айтсақ, өзінің достық шарж суреттері мен фотосуреттері, музыкалық аспаптары, жеке заттары, кітаптары мен журналдары бар.