Түркістанда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

0
423

334 тұрақты жұмыс ұсынылды.


Түркістанда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Түркістандағы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі 4 бағытта іске асырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда «Еңбек нарығының болашағы, жаңа мүмкіндіктер» атты облыстық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің мақсаты — облыстағы жұмыс берушілер мен жұмыссыздарды кездестіріп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды насихаттау.


Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту және жұмыссыз жүрген білікті азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған жәрмеңкеде Солтүстік өңірге көшуге ниетті тұрғындарға бос жұмыс орындарын таныстыру шарасы да қамтылған. Одан бөлек, мүгедектігі бар тұлғаларға, пробация қызметі есебінде тұрған азаматтар мен алимент төлеу бойынша борышкерлерді квота негізінде лайықты жұмыспен қамту көзделген.


Бүгінгі өткен облыстық бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі 4 бағытта іске асырылды. Олар:

1.Түркістан қаласының жұмыс берушілері мен Созақ ауданының ірі кәсіпорындарынан вахталық әдіспен бос жұмыс орындарын ұсыну.

2. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грант алып, жеке кәсібін ашқан азаматтардың жұмыстарының көрмесін ұйымдастыру

3. Еңбек қатынастарын сақтау бойынша енгізілген заңнамаларға түсіндіру-семинар жұмыстарын жүргізу.

4. Солтүстік өңірлерден келетін делегация өкілдерінің көшуге ниетті азаматтарды ынталандыру, бос жұмыс орындарын таныстыру, кеңес беру.


Өткізілген бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде жалпы 334 тұрақты жұмыс ұсынылды. Сонымен бірге 200 адамға «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» жобасына жолдануға мүмкіндік берілді. Көшуге ниет білдірген адамдар 6 мыңнан астам бос жұмыс орны бойынша кеңес алды.