Түркістанда ғарыштық технологиялар бойынша білім беру хабы ашылды

0
874

Қазіргі уақытта осы жобаның арқасында түркістандық балалар STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игеру үстінде.


Түркістанда ғарыштық технологиялар бойынша білім беру хабы ашылды

Түркістан «Оқушылар сарайында» ғарыштық технологиялар бойынша білім беру хабы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы мекеме директоры Индира Икапова өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз жиынында айтты. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы ЮНИСЕФ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Оқушылар сарайы» арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде мекемеде ғарыштық технологиялар бойынша UniSat білім беру хабы ашылған. Қазіргі уақытта осы жобаның арқасында түркістандық балалар STEM курстарына қатысып, инженерлік дағдыларды игеру үстінде. Оған қоса, аталмыш жоба аясында наноспутниктер әзірлеу бойынша қыздарға арналған білім беру жобасы құрылып, Түркістан қаласынан 30-дан аса оқушы қатысқан. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Оқушылар сарайында»наноспутниктерді құрастыру және ұшыру бойынша орталық хаб орнатылып, «Нанотехнология жәнеРадиотехнология» үйірмелері ашылған.


Одан бөлек, «Оқушылар сарайы» өткен жылы жастардың білім, тәрбие, ғылым және шығармашылық дағдыларын арттыру мақсатында «Тұран Жастары» қалалық мектепаралық президент сайлауы ұйымдыстырған. 4 кезеңнен тұрған жобаға қаладағы 32 мектептің президенті қатысып, бақ сынасқан. Бір ай бойы өткізілген жобада жалпы көрсеткіштер есепке алынып, Сапаров Бақытхан есімді оқушы қалалық мектепаралық президент атанған. Ал, финалда қарсылас болған үміткерлер министр ретінде тағайындалып, бүгінде олар қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүр екен. Аталмыш мекеме ұлттық өнерді дәріптеуге де көңіл бөліп келеді. Мәселен, былтыр осы мақсатта «Жас тұлпарлар жырлайды» атты Республикалық оқушылар айтысы өткізілген. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас айтыскерлер тапқырлығы, суырып салмалығымен көзге түсіп, бас жүлде және І орын иегеріне тұлпар міңгізілген.


«Оқушылар сарайы» - ЮНЕСКО клубы білімгерлерінің халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық байқауларға қатысып, қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Атап өтсек, «Жеті Өнер» халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсы, «Ертеңіме сенемін» фестиваль-байқауы, «Әмен» анимациялық фильм фестивалі,«Думанды елім» халықаралық өнер сайысы сынды байқауларда бақ сынаған білімгерлеріміз 50-ге жуық бас жүлдені, 60-қа жуық І және ІІ орындарды, 100-ге жуық ІІІ орынды қанжығаға байлады. Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жетістігіміз – «Оқушылар сарайының» ЮНЕСКО клубтарының мүшесі атанғандығы. Бұл біз үшін үлкен мотивация әрі мәртебе. Сонымен бірге, бәріңміз білетіндей, жыл соңында облыс орталығында «Балалар жылын» қортындылаған «Бәрі де, балалар үшін» атты мерекелік іс-шара өтті. Тиісінше, «Оқушылар сарайының» жыл бойы атқарған еңбегі мен жетістіктері бағаланып, жылдың үздік ұжымы ретінде микроавтобустың сертификатына ие болдық. Бұл біздің ұжымның табанды еңбегі мен алғыр оқушыларымыздың арқасында бағындырған белес деп ойлаймын», - деді Индира Сарқытқызы өз сөзінде.