Түркістанда «Қайсар жандар» іс-шарасы өтті

0
2 105

Орталық 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды жұмысын бастайды.


Түркістанда «Қайсар жандар» іс-шарасы өтті

Түркістанда мүгедектігі бар адамдарды абилитациялауға арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорттық кешенінде мүгедектігі бар адамдарды абилитациялауға арналған «Қайсар жандар» іс-шарасы өтті.


Жиында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі кеңесшісі Досыбай Шерімқұлов, Түркістан қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Э.Бейсенова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс хаттар тапсырды.


Түркістан қаласы әкімдігі мен «Шапағат» мүгедектер қайрымдылық қорының бірлесіп ұйымдастырған шараның мақсаты да айрықша.


"Біздің іс-шара ұйымдастырудағы басты мақсатымыз қайсар жандарды көрсету арқылы қоғамдағы психологиялық күйзеліске түсіп қалған мүгедектігі бар азаматтарды шығармашылықпен немесе спортпен шұғылдануға және қоғамдық белсенді өмір сүруге тартуға бағытталады", – деді аталған қайырымдылық қордың төрағасы Еркінбай Керімбайұлы.


Ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасау мақсатында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуды қамтамасыз ету бойынша кеңейтілген шаралар қолға алынуда.


Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарды оңалту шараларына қаралатын қаржы мөлшері артуда. Биыл бұл мақсатқа 10 млрд теңге бөлініп, ерекше жандардың 90%-ын әлеуметтік қолдау шараларымен қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 38 618 техникалық оңалту құралдары мен қызметтер ұсынылды, яғни қажеттіліктің 79,8 пайызы қамтылды.


Атап өтетін маңызды жаңалықтардың бірі – Сауран ауданында мүгедектігі бар адамдарды оңалту мақсатында облыстық деңгейде 200 орындық оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Орталық 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды жұмысын бастайды. Бұл орталық мүгедектігі бар адамдарға заманауи талаптарға сай қызметтер көрсетеді.


Қайсар жандардың арасында салауатты өмір салтын ұстанып жүрген тұрғындар қатары көбеюде. Өңірде мүгедектігі бар адамдарға арналған «Сауран клубының» спортшылары Азия және Республика чемпионаттарында, Әлем кубогі үшін сайыстарда дзюдо, Пара жеңіл атлетика, армрестлинг, дойбы, Пара пауэрлифтингтен жүлделі орындар иемденуде.


Бүгінгі шара мүгедектігі бар адамдарды белсенді өмір сүруге мотивация беру мақсатында ұйымдастырылды. Онда қолөнер көрмесі, Сауран Паралимпиада спорт клубының мастер класы, Пара Армрестлинг, үстел теннисі спортшылары өнер көрсетіп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.