Түркістанда лифт шахтасына құлаған зейнеткер көз жұмды

0
971

Есік ашылғанда лифт болмаған.


Түркістанда лифт шахтасына құлаған зейнеткер көз жұмды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан қаласында лифт шахтасына құлаған азамат көз жұмды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Әлеуметтік желіде «Түркістандағы тұрғын үйдің бірінде лифт құлап, зейнеткер қаза болған» - деген ақпарат тарады.


Бейресми дереккөздердің мәліметіне сүйенсек, марқұм лифт есігі ашылғанда жеделсатыға кірген. Алайда, есік ашылғанымен, лифт болмаған.


Ақпарат бойынша, оқиға 13 тамыз күні сағат 19:18-де «Жаңа қала» шағынауданындағы 11 көшеде орналасқан 6/12 үйде орын алған. 1949 жылы туылған тұрғын Қ.Ахметова 3-қабаттан лифт шахтасына құлап кеткен.


Ал, 5-қабатта тұрғын үйдің лифтілерін жөндеумен айналысатын «Lift Pro servis» компаниясы жеделсатыны жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан.


«Үйдің тұрғындарына жөндеу жұмыстары туралы хабарланды. Үйді «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС салған. Қ.Ахметова осы үйдің 1 бөлмелі пәтерінің иесі. Ол алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде», - делінген алдын ала таралған ақпаратта.


Айта кетсек, жөндеу жұмыстары жөнінде тұрғындарға вацап желісіндегі чат арқылы және ауызша хабарланған көрінеді.


Сондай-ақ, облыстық полиция департаменті қазір істің мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді. Ресми ақпаратты анықтау жұмыстары аяқталғасын жарияламақ.