Жүйке жүйесінің зақымдануымен туылған сәбилерге өмірлерінің алғашқы сәттерінде гипотермиялық аппарат үлкен емдік шара болмақ.
№3-ші Түркістан облыстық перинаталдық орталығы терапевттік гипотермияға арналған кешенді –TecoTerm Neo және электроэнцефалография аппараттарымен қамтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен туылған сәбилерге өмірлерінің алғашқы сәттерінде гипотермиялық аппарат үлкен емдік шара болмақ. Ол мұқият және өте дәл мөлшерлемемен баланың дене қызуын төмендете алады. Қан айналымын жақсартып, сәбилердің бас миы жасушаларының немесе зақымданған бөліктерінің қалпына келуін бақылауға мүмкіндік береді. Жабдықтың салмағы жеңіл. Небәрі 6 келіні құрайды. Құны 27 миллион теңгеге жуық. Германияда шығарылған медициналық жабдықты перзентханаға «АЯЛА» қайырымдылық қоры Қазақстан Халық банкі АҚ қаржылай қолдауымен табыстап отыр. Қор бұл медициналық жабдық өңірде гипоксияның ауыр түрлерімен байланысты сәбилер өлімін төмендетуге көмектесетініне сенімді.
Бүгінде терапевттік гипотермия - нәрестелердің бас миын қорғаудың әлемде мойындалған дәрі-дәрмекті қолданусыз, негізгі физикалық әдісі ретінде қаралады. Әсіресе шала туылған нәрестелерді күтуде аса маңызды.
«Сәбилер өлімін және мүгедектігін қысқарту жөніндегі жобаларды іске асыру біздің қор жұмысының негізгі басымдығы болып табылады. Бұл жабдық Түркістан облысындағы сәбилердің тіршілікке қабілеттілік және бала туу көрсеткіштерін жақсартуға көмектесетініне сенімдімін», - дейді «АЯЛА» қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.
Жалпы, Түркістан облыстық №3-ші перинаталдық орталығы 225орынға есептелген. Бала туу көрсеткіші жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр дәл осы перзентханада 8 мыңға жуық сәби туылған. Олардың 38-і ауыр асфикциямен дүниеге келген. Сондықтан гипотермия аппараты сияқты аппараттың болуы сапалы көмек көрсету үшін өте маңызды. Өлім –жітім мен мүгедектіктің алдын алуға септігін тигізеді. Перзентхананың дәрігерлері өз тараптарынан жаңашылдыққа қызуғышылық танытып, Корея, Литва, Ресей мемлекеттерінде біліктілік арттырған. Жаңа туған нәрестелерге сапалы ем көрсету мақсатында реанимациялық палаталарда емдеу – профилактикалық музыкотерапиясы ұйымдастырылған. Жан сақтау бөлімдері арнайы кенгуру креслоларымен жабдықталған. Және, таяуда ғана қосымша ғимарат пайдаланымға берілді. Жалпы, Түркістан облысы бойынша былтыр 55 мыңнан астам сәби дүниеге келген.