​Түркістанда полицейлердің «Ұлтым-өзге, тілім-бір!» атты байқауы өтті

0
2 383

Аталған байқауға ТО ПД-не қарасты қала-аудандық полиция бөлім/басқармаларынан 15 команда қатысты.


​Түркістанда полицейлердің «Ұлтым-өзге, тілім-бір!» атты байқауы өтті

Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен, әртүрлі ұлт өкілдерінің достығын дәріптеу аясында, Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай «Ұлтым – өзге, тілім – бір» атты мерекелік іс-шарасы салтанатты түрде өткізілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«20-дан астам ұлт өкілдері жұмыс жасайтын ұжымымыздағы ынтымақтастықты көрсететін бұл байқаудың алар орны ерекше. Біздің полицейлер жауапты қызметті атқара жүріп, бірін-бірі сыйлап, әр халықтың тіліне, салт-дәстүріне үлкен құрметпен қарайды. Қазақстан халқының достығы ажырамасын», - деді ТО ПД бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.

Сондай-ақ байқауға арнайы қонақ ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы генерал-майор Хаким Кушкалиев келіп, «Полицейлердің тек қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты сақтап қана қоймай, шын мәнінде сегіз қырлы бір сырлы екендігіне көзі жеткендігін, мұндай қызу тартысты байқау болады деп күтпегенін»,-таңғалыспен атап өтті.

Аталған байқауға ТО ПД-не қарасты қала-аудандық полиция бөлім/басқармаларынан 15 команда қатысты. Облыстық Полиция департаментінің ауласында қызылды-жасыл киінген әртүрлі ұлт өкілдері, өздерінің сән-салтанатымен көрермендердің көңілінен шықты. Атап өтер болсақ, Арыс АПБ татар, Бәйдібек АПБ күрді, Төлеби АПБ украин, Түлкібас АПБ қырғыз, Ордабасы АПБ орыс, Сайрам АПБ түрік, Қазығұрт АПБ қазақ, Созақ АПБ грузин, Кентау ҚПБ грек, Сарыағаш АПБ өзбек, Мақтарал АПБ шешен, Отырар АПБ ұйғыр, Шардара АПБ азербайжан, Келес АПБ тәжік, Жетісай АПБ азербайжанның, яғни өздеріне алдын ала берілген ұлттардың қыр-сырын ашуға тырысып, тартысты дода жасай білді.

Байқау барысында, әр команда өздеріне берілген ұлттың ең танымал салт-дәстүрін көрініс арқылы көрсетіп, тіл үйірер ұлттық тағамдарынан ақ дастархан жайып, қонақтарға дәм таттырды, сондай-ақ ұлттық ән-биін сахналап, қолөнерлер шеберлері жасаған заттарынан көрме ұсынды. Бір-бірінен асып түскен командалар арасынан жеңімпаздарды анықтау қиынға түсті. Дегенменде «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған топтар жеңіс тұғырынан көрінді.

Салтанатты шара соңында, қазылар алқасының шешімімен «Ұлтым-өзге, тілім-бір» атты байқаудың бас жүлде иегері-өнерімен ерекше көзге түскен, өзбек ұлтының сырнай-кернайларымен ән айтып, мың бұрала билеген Сарыағаш АПБ атанды. Бірінші орынды – Қазығұрт АПБ иеленсе, екінші орынды-Ордабасы АПБ жеңіп алды. Ал, үшінші орынды –Мақтаарал мен Жетісай АПБ командасы қанжығаларына байлады. Барлық командалар «Алғыс хат» және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Тілдер мерекесі – тәрбиелік мәні бар іс-шаралардың бірі. Тіл достық-көпірі екені даусыз. Ендеше, Қазақстандағы Халықтардың Тілдері мерекесі құтты болсын!