Түркістанда «Пробация үйі» ашылды

0
1 435

ERNUR.KZ. Түркістанда пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық, медициналық көмектер көрсету үшін арнайы «Пробация үйі» ашылды.


Түркістанда «Пробация үйі» ашылды

Түркістанда пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық, медициналық көмектер көрсету үшін арнайы «Пробация үйі» ашылды. Ол бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясын жүзеге асыру бойынша қолға алынып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Орталыққа келгендерге психологиялық және заң көмегі көрсетіледі. Сондай-ақ, белгіленген квота бойынша әлеуметтік дамыту бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жұмыс орындары ұсынылатын болады. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда кешкі мектептер мен кәсіби лицейлерге жіберіледі. Аталған мекеме қызметкерлері бостандыққа шыққандарға зейнетақы, жәрдемақы рәсімдеуіне көмектесуді қолға алмақ. Бизнес ашуға, несие алуға да қолғабыс етеді.

Мұнда әлеуметтік-құқықтық және өзгеде көмектерді ұсыну үшін арнайы топ құрылған және орталық ғимараты интернет жүйесімен, компьютерлермен және қажетті жиһаздармен қамтамасыз етілген. Жаңадан құрылған орталықта дәрігерлер де жұмыс істейді, олар есептегі тұлғаларды қарап, әрі қарай медициналық мекемелерге тексеруге жіберетін болады.

Әр айдың 10-25 аралығында Байбұрт көшесіндегі №4 үйде «Сәулет және қала құрылысы» ғимаратында орналасқан орталықтан тиісті азаматтар арнайы қызмет түрлерін ала алады.