Түркістанда республикалық оқушылар айтысы өтті

0
1 117

Барлық айтыскер ақындарға арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.


Түркістанда республикалық оқушылар айтысы өтті

Түркістан Оқушылар сайысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Жыр алыбы - Жамбылдың 175 жылдығына орай республикалық оқушылар айтысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Түркістан Оқушылар сайысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Жыр алыбы - Жамбылдың 175 жылдығына орай республикалық оқушылар айтысы өтті. Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімі "Оқушылар сарайы" мен «Балалар мен Жасөспірімдер орталығы» бірлесе ұйымдастырған додаға Алматы, Қызылорда, Жамбыл және алыс-жақын аудан, қалалалардағы 12 жас айтыскер қатысты.


Аламан айтыстың бастымақсаты – қазақтың төл өнерін жастар арасында насихаттау, ұлттық бірегейлік сақтай отырып, өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулу. Сахнаға шыққан 6 жұптың сөз саптауын бағамдап, қазылық еткен Тараз қаласы, ақын, айтыс ақындарының жыршы-термешілерінің халықаралық одағының мүшесі Досалы Есет, ақын, айтыс ақындарының жыршы-термешілерінің халықаралық одағының мүшесі Анарбаев Бекмұрат және Балалар және Жасөспірімдер орталығының бұқаралық бөлім меңгерушісі Саметов Емен болды. Ал айтысты түркістандық айтыскер Тұрар Тілеулиев жүргізді.


Алғашқы жұп қызылордалық Мейіржан Қартбай мен алматылық Ерасыл Жұмабек сахнаға шыға сала, жиналған жұрттың делебесін қоздырып, жырға сусаған елдің көңілін көтеріп тастады. Одан кейін айтыстың ең жас өрендері, Қаратау өнер мектебінің шәкірті Аллажар Сапархан мен Өтеп атындағы «Өнер» мамандырылған мектеп-интернатының түлегі Елсияр Құлахмет додаға шығып, сөз тапқырлықтарымен көзге түсті. Айтыстың үшінші жұбы - отырарлық Даниал Болысбек пен тараздық Айсұлу Жүнісбек тартымды қыз бен жігіт айтысын жасап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Төртінші болып ел алдына шыққан, қызылордалық жас Бағдатұлы Нұрахмет пен Төлеген Айқын суырып салмалық өнердің жоғары деңгейін көрсетті. Тараздық қатысушы денсаулығына байланысты келмей қалғандықтан, жұпты жалғыз қалдырмаған Айқынға деген елдің де, қазылардың да бағасы жоғары болды. Бесінші жұп болған алматылық Зинулла Ақнұр өз қарсыласы түркістандық Тәңірберді Болатқа салмақтылығымен, даналығымен жауап қайтара білді.


Айтыстың соңғы жұбы қызылордалық Әмірхан Елдар мен отырардан келген Сұлтан Сәуірхан болды. Барлық айтыскерлер тәуелсіздік тарихын, қазақ әдебиеті мен жаһандық дамуды жақсы білетіндіктерін, сөз саптауда тосылмайтындықтарын көрсетті. Ал, айтысты ұйымдастыруға түрткі болған Оқушылар Сарайының директоры Индира Сарқытқызы халықтың төл өнері дәріптеліп, қазақтың қара домбырасының үні сайрап жатқаны оқушылар сарайы үшін үлкен мәртебе екенін айтты.


«Жас балалардың тебіреніп, жырдан еркін шашу шашып отырғаны біздің егемендігіміздің арқасы екені рас. Осы орайда, баршаңызды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Бүгінгі айтыстың тақырыбы да тәуелсіздік! Тәуелсіз елдің балалары тарихын ұмытпасын, танымдарын кеңейтсін, егемендіктегі ерліктерді танысын деп осы доданы ұйымдастыруға барымызды салдық. Алдағы уақытта да төл өнерді насихаттауға бар күш-жігерімізді саламыз!» -, деді.


Екі сағатқа созылған айтыстың қорытындысы бойынша, Республикалық Оқушылар айтысының жүлделі III орындарын Елсияр Құлахмет, Сапархан Аллажар мен Даниял Болысбек иеленді. Сондай-ақ, II орынды Элдар Әмірхан мен Тәңірберді Болат өзара бөліссе, I орынды Айсұлу Жүнісбек иеленді. Ал бас жүлде Алматы облысынан келген Ақнұр Зинуллаға бұйырды.


Айта кетейік, айтысқа Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті демеушілік жасап, барлық айтыскер ақындарға арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.