Түркістанда республикалық театр фестивалі өтеді

0
566

Райымбек Сейтметовтың 85 жылдық мерейтойына арналған.


Түркістанда республикалық театр фестивалі өтеді

Түркістанда Райымбек Сейтметов атындағы республикалық театр фестивалі өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Әлиакбаров мәлімдеді. Оның айтуынша, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен 8-11 қараша аралығында Түркістан қаласында Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтың 85 жылдық мерейтойына орай «RAIYMBEK FEST» I Республикалық театр фестивалі өтеді.


Брифингке қатысқан Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театрының директоры Ержан Исатаев фестиваль талаптары мен шарттарына сәйкес сайысқа тек кәсіби театрлар қатысатындығын айтты. Әр театр соңғы үш жылда сахналанған, көркемдік деңгейі жоғары тек бір шығарманы ұсынбақ.


«Сайыста Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры, Жамбыл облыстық орыс драма театры, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының «Алматы әуендері» және «Жаңа ғасыр» театрлары, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, Абай облысының Семей «Дариға-ай» жастар театры және Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрлары бақ сынайды. Одан бөлек, қазылар алқасы құрамында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры Бақыт Нұрпейіс, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азат Сейтметов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бахыт Сраилов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің деканы, профессор Меруерт Жақсылықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Балтабай Сейітмамытов сынды өнер майталмандары төрелік етеді. Жеңімпаздарға арнайы жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары берілетін болады», - деді Ержан Ибадуллаұлы.


Сонымен қатар белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Райымбек Сейтметовтың ұлы Азат Сейтметов фестивальдің - қазақ кәсіби театрларының өнерін насихаттау және театрлардың өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылып отырғандығын жеткізді.