Түркістанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған танымдық іс-шара өтті

0
403

Қонақтар «Фараб» кітапханасында жасақталған тақырыптық көрмені тамашалады.


Түркістанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған танымдық іс-шара өтті

Түркістанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған танымдық шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған танымдық шара өтті. Алдымен жиынға келушілер «Фараб» кітапханасында жасақталған тақырыптық көрмені тамашалады.


Тағылымды шараны Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Теология факультетінің деканы, профессор Досай Кенжетай ашып берді. Тарихқа кері шегініс жасаған философия ғылымдарының докторы қиын-қыстау кезең және соның салдары жайлы баяндап берді. Содан соң осы салаға еңбегі сіңген бірқатар маманға облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.


Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі, Түркістан облысының мемлекеттік архивінің басшысы Гүлнар Шардарбекова атқарылған жұмыстарға шолу жасап, жарқын болашағымыз үшін өткен тарихтың, соның ішінде тұлғаларымыздың орны ерекше екенін тілге тиек етті.


Шара барысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының 33 томдық материалдар жинағы мен жазушы, журналист Мәриям Әбсаттардың «Алаш зиялыларының соңғы сөзі» кітабының таныстырлымы өтті. Аталмыш қос туындының тұсауын Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Нұржанұлы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры Досай Кенжетай, облыстық «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, жазушы, журналист Мәриям Әбсаттар кесті.


Еске алу жиынында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншілері жастарға жігер берер әндер шырқаса, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры әртістері Алаш арыстарының өлеңдерінен үзінділер оқыды. Сондай-ақ Мәриям Әбсаттардың осы жинақты жазу барысы баяндалған бейнефильм көрсетілді.


Белгілі журналист 15 жыл бұрын Қазақ радиосында жұмыс істеп жүрген кезінде ұлт тұлғаларын тануды бастаған. Өзінің «Алаш арыстары» атты хабарында Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды азаматтардың артында қалған ұрпақтарын іздеуге кіріседі. Ерекше ізденісінің арқасында ұрпақтары туралы там-тұмдап болса да естелік жинап, бүгінде өскелең ұрпаққа мол азық болар кітапты жарыққа шығарды.


Айта кетейік, ҚР Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығына сәйкес құрылған Мемлекеттік комиссия төрағасының хаттамалық тапсырмасына сәйкес 2021 жылы 14 қаңтарда облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Өңірлік комиссия және сәйкесінше, облыстық жұмысшы топ құрылған. Екі жыл ішінде атқарылған жұмыстар нәтижесімен жарық көрген «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның 33 томдық материалдар жинағы. ХХ ғасырдың 20-50 жылдары» атты жинақтың 2 томында (№14, №33) Түркістан облысында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жинақталған материалдар орналастырылған.