Түркістанда Төрекелді Байтасовты еске алу кеші өтті

0
675

Арнайы жасақталған көрме инсталляция таныстырылып, баяндама оқылды.


Түркістанда Төрекелді Байтасовты еске алу кеші өтті

Түркістанда ұлт руханиятының жанашыры Төрекелді Байтасовты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасында белгілі баспагер, журналист Төрекелді Байтасовты еске алуға арналған «Тұлғасы таудай Төрекелді» атты еске алу кеші өтті.


Шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры Сейдулла Садық, ғалым, журналист, профессор Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры Бекжігіт Сердәлі бастаған зиялы қауым өкілдері мен белгілі қаламгер, кітапхана оқырмандары қатысты.


Кешті Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры Сейдулла Садық тізгіндеді. Шараны кітапхананың тұрақты оқырмандары автордың «Ұйқы ашқан ойлар» шығармасынан үзінділер оқумен ашты.


Ал, кітапханашылардың «Анамның көрген түсі» шығармасынан сахналық қойылым көптің көңіліне мейірім ұялатты. Сонымен қатар шара барысында арнайы жасақталған көрме инсталляция таныстырылып, баяндама оқылды.


Мазмұнды шараның ашылуында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай, «Фараб» кітапханасы директорының орынбасары Жанар Аманжолова сөз сөйлеп, дара тұлғаның артында қалған мол мұрасы жайлы баяндады. Сонымен қатар көзін көргендер естелігімен бөлісіп, ер есімін ұмытпас үшін ұсыныстарын ортаға салды.


«Төрекелді Байтасов тоқсаныншы жылдардың басында тәуелсіз журналистиканың алғашқы қарлығашы болды. Оның есімі тұңғыштардың шежіресіне жазылған. Орталық Азияда алғаш рет «Жібек жолы» журналын ашты. «Жібек жолын» бәріміз жата-жастана оқып өстік. Алайда осындай айтулы азаматтың атын Түркістан өңірі мен Шымкентте бір көшеге беру туралы мәселе біраз жылдан бері талай жерде айтылып жүргенімен, әлі күнге жүзеге аспай келеді. Жуырда Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қ.Тоқаев ономастика саласына арнайы тоқталуы тегін емес. Мемлекет басшысы өмірбаяны қолдан жазылған азаматтардың есімдерін нысандарға беруді тоқтатуды тапсырды. Енді елге еңбегі сіңген, ұлтқа қызмет еткен тұлғаларды төрге шығаратын кез келгенін кесіп айтты. Осы орайда руханият жанашыры Төрекелді Байтасовқа бір көшенің атын беруді қайта қолға алмақпыз», - деді Ғалымжан Елшібай.


Төрекелді Байтасов Орта Азиядағы тұңғыш жекеменшік тәуелсіз «Жібек жолы» журналын шығарушы, «Жібек жолы» баспасының президенті әрі бас редакторы, «Ұйқы ашқан ойлар», «Көктөбе сағымдары», «Оттай ыстық өмір» шығармаларының авторы ретінде тарихта аты қалды.


Кеш соңында біртуар тұлғаның ұлы журналист Төребек Байтасов келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, әке туралы ой толғады. Сонымен қатар шараға атсалысқан жас буынға Алғыс хат табыстап, ізгі тілегін білдірді.