Түркістанда туризм саласын дамытуға ​«Тұран-Экспресс» компаниясы үлес қосады

0
2 188

«Тұран тв» Түркістан облысының ең тартымды тарихи нысандарын телеарнада насихаттап, түсірілімдер арқылы кең көлемде көрсетуді жүзеге асырмақ.


Түркістанда туризм саласын дамытуға ​«Тұран-Экспресс» компаниясы  үлес қосады

«Тұран тв» деп аталатын республикалық-мәдени туризмге арналған телеарнаны басқарып отырған «Тұран-Экспресс» жолаушылар компаниясының бас директоры Роман Ботабеков облыс орталығы Түркістан қаласына тың ұсыныстарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Олай дейтініміз, аталған ұжым Түркістан облысының ең тартымды тарихи нысандарын телеарнада насихаттап, түсірілімдер арқылы кең көлемде көрсетуді жүзеге асырмақ. Ол Түркістан қаласымен қатар, Қаратау жоталары, Сауран, Отырар, Есік қалашықтары, Ақсу-Жабағылы қорығы, Қазығұрт, Ордабасы секілді ең қызықты да қасиетті мекендерді Қазақстанның барлық аймағынан жиналған түрлі клуб мүшелерімен бірлесіп, экспедиция жүргізуді қолға алмақ ниетте.

Ол үшін ішкі саясат басқармасы, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы көмек көрсетуге әзір.
Бүгінгі қол қойылған меморандум осындай мақсаттарды көздейді. Сондай жобаның бірі – Түркістан-Алматы аралығында арнайы туристтік темір жол бағытын ашу.
«Түркістанға арнайы келіп, қуанышты дәрежеде болып отырмын. Мен 15 жыл бойы жолаушы тасымалы компаниясында жұмыс істеп келе жатырмын. Бұған дейін де 8-10 жыл бұрын мұндай пойыздар бағытын ашқанмын. Осындай іске Үкіметтен көмек болмаса, субсидия берілмесе өте қиын. Қазір ол мәселе шешіліп жатыр. Мүмкіндігінше туризм саласының дамуына үлес қосып, тәжірибеммен бөлісемін»,-деді «Тұран-Экспресс» жолаушылар компаниясының бас директоры Роман Ботабеков.
Жиын соңында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Төлебеков, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаев және «Тұран-Экспресс» жолаушылар компаниясының бас директоры Роман Ботабековтер іскерлік және әріптестік мақсатта меморандумға қол қойды.