Түркістанда "Жолда қабылдау" акциясы өтіп жатыр

0
1 065

Аталған акция ертең, яғни, 20 шілде күні де жалғасады.


Түркістанда

Түркістан облысының полицейлері республикалық "Жолда қабылдау" акциясының бірінші күнінде облыс полицейлері жолда 1200 адамды қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері ҚР Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша тұрғындармен кері байланысты қамтамасыз ету, халыққа жақын болу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында полиция құрылымдарының басшылары мен тәжірибелі мамандары азаматтарды қабылдап, акция өткізді.

Бүгін таңғы сағат 9.00-ден басталған «Жолда қабылдау» акциясы кешкі сағат 19.00-ге дейін жалғасып жатыр. Облыс орталығы Түркістан қаласының Есімхан алаңы мен Тәуке хан көшесінің бойындағы Қуаныш базарында және облысқа қарасты 16 ауданда ұйымдастырылған акцияға 1200-ден астам азамат қабылданды.

Акция аясында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасын сақтау, автокөліктерді тіркеу, көлік құралдарын қайта жабдықтау, жол жүрісін ұйымдастыру, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұл төлеу мәселелері көбірек қаралды. Тұрғындардың басым бөлігі автокөлік құралдарына байланысты сауалдарын қойды. Ал, әлеуметтік желі арқылы жол жүру қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар жолданды.

Ішкі істер саласы қызметкерлеріне қатысты сұрақтарымен келген тұрғындарға әкімшілік полиция, жол-техникалық инспекция, жергілікті полиция, көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері мен басшылары тікелей жауап берді. Шілденің шіліңгір күнінің ыстығына қарамастан ашық аспан астында отырған білікті мамандардың жауабына көпшілік тұрғындар алғыстарын білдіріп жатты.

Айта кетейік, аталған акция ертең, яғни, 20 шілде күні де жалғасады.